Қарағанды облысында қызылшаға қарсы қосымша иммундау жүргізілуде

Қарағанды облысында қызылшаға қарсы қосымша иммундау жүргізілуде

6 қарашадан бастап Қарағанды облысының емханаларында 6 айдан 10 ай 29 күндік сәбилерге қызылшаға қарсы қосымша иммундау басталды. Желтоқсан айында 2 -4 жас аралығындағы балалар вакцинациядан өте алады.

Елдегі қызылша эпидемиологиялық жағдайының асқынуына байланысты нәрестелерге қосымша иммундау енгізілді. Қарағанды облысында сырқаттанушылықтың өсуі маусым айынан бастап тіркелді. Бүгінгі таңда аймақта 300-ден астам диагноз қойылған. Жұқтырғандардың көпшілігі 14 жасқа дейінгі балалар, олардың 44 пайызы 1 жастан 4 жасқа дейінгі сәбилер.

Қарағандылық Татьяна Семенюк – екі баланың анасы. Кенжесі Артур небәрі жеті айлық. Қосымша иммундау мүмкіндігі туралы білген Татьяна вакцинацияға келді.

– Менің екі балам да барлық жоспарлы екпелерді алды. Артур бүгін қызылшаға қарсы егілді. Мен оны аурудан қорғағым келеді, өйткені ол өте кішкентай және ауырып қалу қаупі жоғары, – дейді Татьяна.

Сәбилерге бір компонентті үнді вакцинасы егіледі. Ол Қазақстанда 2003 жылдан бері қолданылып келеді және өзін жақсы жағынан көрсеткен.

– "ККП" деп атайтын аралас вакцина қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы иммундау үшін қолданылады. 2003 жылдан бастап одан дерттің асқынуы тіркелген жоқ, – дейді Қарағанды облысының СЭБД жұқпалы және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Жақия Джашибекова. – Мен ата-аналарды иммундаудан бас тартпауға шақырамын, өйткені кез келген қосымша вакцинация балалар мен жақындарыңызды инфекциялардан қорғайды.

Ересектер де емханаларда қызылшаға қарсы екпе ала алады. Қызылшамен ауырған, сондай-ақ вакцинацияланған балалар және вакцнаға қарсы көрсетілімдері бар пациенттер иммундауға жатпайды. Қосымша иммундаудың негізгі мақсаты – қызылша ошақтарын оқшаулау және аурудың одан әрі таралуын болдырмау.