
Сайлау нәтижесі бойынша Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов болды.

Осакаров ауданы аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау бойынша пилоттық жобаға кірді. Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, Осакаров ауданында сайлауға 14 365 адам қатысып, оның ішінде 11 595 сайлаушы Руслан Нұрмұханбетовке дауыс берді. Барлығы үш үміткер болды – Ермек Дөненбаев, Нәсіп Шалабаева және Руслан Нұрмұханбетов.
Аудан активімен Қарағанды облысы басшысының орынбасары Бауыржан Асанов кездесіп, Руслан Нұрмұханбетовтың әкім болып сайланғанын хабарлады.

– Өз бағдарламамызды іске асыруға, әр отбасының әл-ауқаты, ауданымыздың өркендеуі мен дамуы үшін халықтың өмірлік маңызды мәселелерін шешуге барынша күш салуға уәде беремін. Алда көп жұмыс күтіп тұр. Менің міндетім – сіздердің сеніміңізді ақтау! – деп атап өтті Руслан Нұрмұханбетов.
Руслан Нұрмұханбетов 18 жылдан астам уақыт мемлекеттік қызметте. Еңбек жолын 2005 жылы Осакаров ауданы Молодежный кенті әкімі аппаратының маманы болып бастаған. Осакаров ауданы әкімінің аппаратында түрлі қызметтер атқарды. Содан кейін Солтүстік Қазақстан облысында білім басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Кейін Бұқар жырау ауданында еңбек етіп, бас маманнан аудан әкімінің орынбасарына дейінгі мансап жолын өткен. 2017 жылдың тамызында Осакаров ауданы әкімінің орынбасары, ал 2022 жылдың қыркүйегінде осы ауданның әкімі болып тағайындалды.