
Қазақстанда 5 қарашада алғаш рет пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері таңдалды. Қарағанды облысында сайлау Приозерск, Ақтоғай және Осакаров аудандарында өтті.

Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, Приозерск қаласында сайлаушылардың келуі 56 % құрады, тұрғындардың басым бөлігі өз дауыстарын Мансұр Ахметовке берді. Бұған дейін ол қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Сайлау күні қалада 11 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Әкім лауазымына үш үміткер болды – Мансұр Ахметов, Руслан Койшин және Светлана Попченко.

Сайланған әкімді қала активіне Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын ұсынды.
– Баршаңызға қолдау көрсетіп, сенім білдіргендеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін. Мен өзіме жүктелген міндеттемелерді адал және кәсіби түрде орындаймын, – деді Мансұр Ахметов.
Мансұр Ахметов мемлекеттік қызметте шамамен сегіз жыл еңбек еткен. Салық органдарында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2023 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Приозерск әкімінің орынбасары қызметін атқарды.