
Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды академиялық қазақ драма театрының қуыршақ театры Алматы мен Омандағы екі халықаралық фестивальде марапаттарға ие болды.

Almaty Puppet фестиваліне Польша, Грузия, Болгария, Түркия, Өзбекстан және Қазақстаннан 150 қуыршақ шебері мен 14 театр труппасы қатысты. Қарағанды қуыршақ театры "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" спектаклімен "Үздік сценография" номинациясында жеңімпаз атанды. Қазылар алқасы біздің актерлердің қуыршақтардың бірнеше түрі қолданғанын атап өтті – бұл қуыршақтар, маскалар және қолғап қуыршақтары.

Омандағы Алдини фестивалінде әлемнің әртүрлі елдерінен 30 театр өз жұмыстарын ұсынды. Шығармашылық жарыс үш санат бойынша өтті: көше театры, балалар және ересектер қойылымдары. Біздің театрдың труппасы онда да "Қарлығаштың құйрығы неге айыр? " қазақ халық ертегісін ұсынып, "Үздік костюм" номинациясында жеңіске жетті.

Қарағандылықтар Оманға 11 қуыршақ алып барды. Әртістердің әрқайсысы сахнада бір емес, үш қуыршақпен жұмыс істеді және үш рөл ойнады. Барлық қуыршақтар театрда режиссер Айдын Салбановтың жетекшілігімен жасалды.

– Біздің қуыршақ театрының ашылғанына үш ай ғана болды. Бұл біздің репертуардағы екінші балалар қойылымы. Оған алты актер қатысады. Алдымен біз спектакльді Алматыдағы Халықаралық фестивальде ұсындық және Үздік сценография үшін марапатқа ие болдық. Содан кейін оны Сирия, Палестина, Кувейт, Египет, Испаниядан келген театрлар болған Оман халықаралық фестиваліне апардық. Онда біз "Үздік костюм" номинациясын жеңіп алдық. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Актерлер үлкен ынтамен жұмыс істейді. Костюмдер мен қуыршақтардың барлық эскиздерін өзі жасадым, – деді С. Сейфуллин атындағы Қаздрамтеатрдың көркемдік жетекшісі және режиссері Айдын Салбанов.
