
Жасөспірімдер мен жастар арасындағы бокстан Азия чемпионатында Қарағанды облысының жас спортшылары ұлттық құраманың қоржынына алты медаль алып келді. Астанада өткен жарысқа қатысушылар саны рекордтық болды: 23 елден 435 спортшы 51 салмақ дәрежесінде бақ сынасты.

Біздің ұлттық құрама 15 алтын, 11 күміс және 15 қола жүлдеге ие болып, жалпы командалық есепте екінші орынға ие болды.
Бірінші орынды Үндістан өкілдері алды (16-12-13), ал үштікті Өзбекстаннан келген боксшылар (12-15-15) тұйықтады.

Ұлттық құраманың жетістігіне қарағандылық спортшылар да ат салысты. Ә. Молдағұлова атындағы олимпиадалық резерв колледжі мектеп-интернатының тәрбиеленушілері ерекше көзге түсті.

Жасөспірімдер арасында үздік атанғандар: Алина Құдайгенова, ол 63 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды. Бойжеткеннің бірінші жаттықтырушысы – Виталий Дубейко. Қазір оны Елдос Сайдалин жаттықтырады.

– Біздің Ә. Молдағұлова атындағы спорт интернатынан чемпионатқа алты қыз қатысты. Алина Құдайгенова алтын, Айша Сариева 52 келіде өнер көрсетіп, қола жүлдеге ие болды. Олар "жасөспірімдер" санатында өнер көрсетті. Жастар санатында тағы екі қыз қола медаль жеңіп алды. Мырзакүл Томирис (54 кг) және Азиза Исина (70 кг). Тағы екеуі жеңіліп қалды, бірақ олар чемпиондарға жол берді. Жалпы, қыздар жақсы нәтиже көрсетті. Енді Алина Құдайгенова, Айша Сариева және Аяжан Ермек Арменияда өтетін әлем чемпионатына дайындалуда, – деді Елдос Сайдалин.

Ұлттық құраманың қоржынына тағы бір алтын медальді жаңадан келген боксшы Ислам Советов (71 келі) алып келді. Ол да Ә. Молдағұлов атындағы спорт интернатының тәрбиеленушісі, Дархан Дүйсембековте жаттығады.

Сондай-ақ, қола медальдарды тағы екі спортшы жеңіп алды: Нығмет Нығман (46 кг), жаттықтырушысы – Әлубаев Мейрам, Ә. Молдағұлов атындағы спорт интернаты; Думан Нұржан (92 кг), жаттықтырушысы – Вячеслав Титовский, бокстан облыстық мектебі.
Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша