
Отбасының цифрлық картасын (ОЦК) енгізудің нәтижесінде мыңдаған қазақстандықтар әлеуметтік-еңбек саласы бойынша өздеріне көрсетілуі тиіс мемлекеттік қызметтерді еш қиындықсыз 1414-тен келген SMS-хабарламаға жауап беру арқылы проактивті түрде алды.
Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады. Бүгінгі күні онда Қазақстанның 19,8 млн-нан астам азаматы немесе 6 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.
Азаматқа қолдау шарасы қажет қандай да бір өмірлік жағдай туындаған уақытта, ол мобильді азаматтар базасында көрсетілген нөміріне SMS-хабарлама алады және қызмет алу уақытын едәуір қысқарта отырып, оған бірден жауап беруіне болады. Өтінімді ресімдеу үшін ХҚКО немесе басқа мекемеге жүгінудің қажеті жоқ.
Жыл басынан бері 740 мыңнан астам осындай хабарлама жіберілді. Оларға 283 мыңнан астам адам жауап берді және ешқандай өтінішсіз өз төлемдерін немесе жәрдемақыларын алды.
Айта кету керек, белгілі бір мемлекеттік көрсетілетін қызметті проактивті алуға мүмкіндік беретін SMS-тен басқа, ОЦК-да зейнетақы жасына жеткенге дейін 2 ай бұрын зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы, берілген/ұзартылған «қандас» мәртебесінің аяқталу мерзімі туралы автоматты хабарламалар, сондай-ақ жұмыссыздар үшін жұмыс іздеу, тегін оқудан өту мүмкіндіктері және жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдаудың басқа да шаралары туралы хабардар ету тетігі іске қосылды.
Алаяқтық тәуекелін болдырмау мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажеттігін атап өтеміз.
Барлық сұрақтар бойынша 1414 нөмірі бойынша байланыс орталығына хабарласуыңызға болады. Қоңырау шалу тегін.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі