Ақтоғай ауданында көпфункционалды корт пен балалар ойын алаңы орнатылды

Ақтоғай ауданында көпфункционалды корт пен балалар ойын алаңы орнатылды

Ақтоғай ауданының екі ауылында көпфункционалды корт пен балалар ойын алаңы жабдықталды. Оларды кішкентай ақтоғайлықтар мен белсенді демалыс әуесқойлары сынап көрді.

Ауданы 800 шаршы метрді құрайтын көпфункционалды корт Сарытерек ауылдық округінде орнатылды. 

Бұған дейін жастар жергілікті әкімдікке осындай спорт нысанын жабдықтау туралы бірнеше рет өтініш білдірген.

– Біздің ауылдық округте 630 адам тұрады. Оның 80-і 18 жасқа дейінгі балалар. Жазда олар кортта футбол және басқа да ойындар ойнайды, ал қыста хоккей ойнайды. Корт қоршалған, стандарттарға сай, – деді Сарытерек ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Нұртілек Игібеков.

Қараменде би ауылдық округінің Қуаныш ауылында заманауи балалар ойын алаңы пайда болды. Ол мықты, берік материалдан жасалған, аумағында әткеншек, сырғанақтар мен балансир орнатылған. Алаң ауылдың кішкентай тұрғындары үшін сүйікті ойын орнына айналды.