Қарағандыда полиатлоннан Қазақстан Кубогына 100 ден астам көпсайысшы қатысуда

Қарағандыда полиатлоннан Қазақстан Кубогына 100 ден астам көпсайысшы қатысуда

Қ. Нұржанов атындағы жеңіл атлетика манежінде Қарағандыда полиатлоннан Қазақстан Республикасының Кубогы (жабық үй-жайлардағы жазғы президенттік көпсайыс) басталды.

Жарысқа еліміздің он облысынан және Астана мен Алматыдан 12 жастан 70 жасқа дейінгі және одан жоғары 100-ден астам спортшы қатысады. 

Біздің аймақтың намысын 40-тан астам көпсайысшылар қорғайды.

Ең егде қарағандылық спортшы 77 жаста. Виктор Горохов 1986 жылдан бастап полиатлонмен айналысады.

– Бұған дейін гимнастикамен, шаңғымен, жүзумен және атумен айналысқанмын. Спорт – хобби. Мен өмір бойы политехте сабақ бердім. Аптасына үш рет жаттығамын, 05:45-те бастаймын: алдымен 30 минут қыздыру-жүгіру, созылу және 45 минут суда жүземін. Бір жаттығуда шамамен бірнеше шақырым жүземін. Кешке кейде жүгіремін. Мен сондай-ақ атыспен айналысамын, қазір мылтықтан пистолетке ауысып жатырмын. Мен полиатлоннан 2017 жылғы Әлем чемпионымын. Ауруларға көп мән бере берсең, олар тек ушыға береді. Мен оларды тоқтатқанды жөн көремін. Салауатты өмір салтын ұстануға тырысамын, – деп бөлісті спорт ардагері Виктор Горохов.

Полиатлоннан жарыс 5 қарашаға дейін жалғасады. Қазақстанның мықты спортшылары арасында өткір күрес күтілуде.

Жарыстың бірінші күні спортшылар 60 м (ж/а манеж) спринтте, екіншісінде – пневматикалық мылтықтан атуда (Н. Әбдіров атындағы ДС ату тирі), үшіншісінде – 50–100 м жүзуде (Н. Әбдіров атындағы ДС бассейні), төртіншісінде – төзімділікке жүгіруде жарысады: әйелдер 500-1000 м, ерлер 1000–2000 м (ж/а манеж).

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау 5 қараша күні сағат 18:00-де Н. Әбдіров атындағы спорт сарайында өтеді.