
Қарағанды облысының төрт оқушысы "Менің шағын Отаным" атты VI Республикалық жас тарихшылардың зияткерлік байқауында екінші орынға ие болды. Еліміздің барлық өңірлерінен 88 тоғыз және оныншы сынып оқушылары ең мықты атағы үшін күресті.

Жас тарихшылар Ақтөбеде – дарынды балаларға арналған "Білім инновациясы" облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының базасында бақ сынасты.

Төрт қарағандылық оқушының жұмыстары келесі номинациялар бойынша екінші орынға ие болды:
– "Менің шағын Отанымның тарихы" – жобаны Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Дәулет Нұрфазылов дайындады;
– "Менің шағын Отанымның болашағы" – "Дарын" мамандандырылған мектеп-лицей интернатының оныншы сынып оқушысы Нұрәділ Темірханов;
– "Шағын Отанымның символы" – № 3 гимназияның 10-сынып оқушысы Дания Хамзинова;
– "Менің туған өлкем" – Осакаров ауданы № 7 ЖОББМ оныншы сынып оқушысы Светлана Литвинко.

Дания Хамзинова "Шағын Отанымның символы" номинациясында екінші орын алды. Өз жұмысында ол жоба жетекшісі – тарих пәнінің мұғалімі Мадина Ержановамен бірге жеке тұлғаның Қарағанды тарихына қосқан үлесін атап, өзекті экологиялық проблеманы – көгалдандыру мәселесін көтергісі келді.
– Біздің қаламызда Қарағандының дамуына үлес қосқан көптеген лайықты адамдар бар, бірақ біздің таңдауымыз кеңес заманында Зеленстрой бастығы болып жұмыс істеген, сондай-ақ орман басқармасын басқарған туған атам – Хамза Аманбековке түсті. Ол Қарағанды, Саран, Шахтинск, Абай, Екібастұз, Ақтау және Шаханның топырақ карталарын жасады. Қарағандының топырақ картасы әлі күнге дейін көгалдандыру жобаларын әзірлеуде және объектілерді салуда қолданылады. Мен отбасылық мұрағат материалдары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргіздім, отбасы мүшелерінен сұхбат алдым, сонымен қатар қаламыздың көгалдандыру тарихын зерттедім. Өз елін сүйетін әрбір адам, ең алдымен, өзінің шағын Отанына, отбасына, үйіне, туған көшесіне құрметпен қарауы керек, – деп есептейді Дания.

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҚР Білім Министрлігінің дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен, "Дарын" РҒПО грамоталарымен марапатталды.

Конкурсты ұйымдастырушы – "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы.