
Егінді ауылының тұрғыны, ісін жаңа бастаған кәсіпкер Мейіркүл Асанходжаева наубайхана ашып, 2021–2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша 2,5 пайыз жеңілдікпен несие алды. Ол ауылдық дүкендерді нан өнімдерімен қамтамасыз етуге ниетті.
Мейіркүл Асанходжаева бірнеше жыл бойы өзінің наубайханасын ашуды армандаған. Бірақ оның мақсатын алға жылжытуына бастапқы капиталдың жетіспеушілігі тежеген. Биыл ол Агрокредиттік корпорация желісі бойынша мемлекеттен жеңілдікті несие алу мүмкіндігі туралы білді. Ісін жаңа бастаған кәсіпкер 5 жыл мерзімге 2,5 пайызбен 3,5 млн теңге көлемінде өтінім беріп, несие алды.

– Бұл жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін тамаша мүмкіндік, өйткені әркімнің өз ісін бастауға ақшасы жоқ. Осы қаражатқа мен қамыр илегіш, кәсіби пеш, ыдыс жуғыш машина және басқа жабдықтарды сатып алдым. Үй-жайды жалға алдым, жергілікті дүкендермен нан жеткізуге келістім. Бізде алты нүкте бар, – деді Мейіркүл. – Өнімді сатуда кедергі болмайды. Қыста ауыл тұрғындары боран соғып, жол жабылып қалғанда нансыз отырады. Бізге нанды Астанадан жеткізеді. Енді дүкендерде әрқашан жаңа піскен нан болады.
Мейіркүл күніне 300 нан пісіруді көздеп отыр. Сондай-ақ, наубайхана ассортиментінде батон мен жұмсақ тоқаштар бар. Болашақта кәсіпкер бұл тізімге кондитерлік нан өнімдерін қоспақшы. Ол сондай-ақ бір адамды жұмысқа орналастырмақ.