
Биыл колледждерге құжаттарды қабылдау egov.kz порталы арқылы жүргізіледі. Әрбір оқу орнына egov.kz ақпараттық жүйесінен деректерді түсіру үшін жауапты тұлға бекітілді.
«Биыл колледждерге құжаттарды қабылдау автоматтандырылған және www.egov.kz электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Порталда талапкерлер, олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері қажетті құжаттар тізімі бойынша электронды түрде өтініш бере алады», - деп хабарлады Қарағанды облысының Білім басқармасы.
Құжаттарды портал арқылы тапсыру кезінде талапкерде жатақханада орын алу және тегін тамақтану мүмкіндігі бар, себебі ЖСН бойынша оның әлеуметтік мәртебесі анықталады.
Комиссия құжаттарды қарағаннан кейін келіп түскен құжаттарды қабылдау, конкурс және арнайы емтихан өткізу күні туралы хабарлама жібереді.
Білім басқармасы талапкерлермен және олардың ата-аналарымен құжаттарды автоматты түрде қабылдау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.