Қарағандыда Республика күніне орай салтанатты түрде мемлекеттік ту көтерілді

Қарағандыда Республика күніне орай салтанатты түрде мемлекеттік ту көтерілді

Республика күніне орай Қарағандыда ту тұғырының жанындағы алаңда мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті.

Оған Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, қала тұрғындары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, әскери қызметшілер, ардагерлер қатысты. 

Жиналған жұрттың басым бөлігі ұлттық киім киіп келді.

– 25 қазан – еліміз үшін маңызды күн. Дәл осы күні 1990 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің негізі болған еліміздің егемендігі туралы декларация қабылданды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Өткен жылдан бастап Республика күні ұлттық мереке мәртебесіне ие болды және бүкіл елде кеңінен атап өтіледі. Бұл күн бәріміз үшін азаматтық келісім мен ұлттық бірліктің, елдің бүгіні мен болашағы үшін ортақ жауапкершіліктің мерекесі болды.

Туды көтеру кезінде Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны орындалды.

Мемлекеттік туды көтеру рәсімі Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында да өтті.