
Республика күні қарсаңында Қарағандыда кезекте тұрғандар үшін жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтер кілттерін қоныстанушыларға облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаев табыс етті.

Кезекте тұрғандарға арналған тоғыз қабатты үй Белинский көшесі, 1/1 мекенжайы бойынша орналасқан және 72 пәтерлі.

Дизайны замануи, кең, аула аумағы абаттандырылған көпөабатты үй жаңа қоныстанушыларға ұнады.

Оларды көптен күткен қуанышымен өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев құттықтады.
– Республика күні қарсаңында көп балалы отбасылар, балалар үйінің түлектері және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жаңа пәтерлердің кілттерін алды. Сіздердің көпшілігіңіз өз кезегіңізді ұзақ жыл күттіңіздер. Мен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Зор денсаулық тілеймін, бұл баспаналарыңыз әрқашан жылылық пен шаттықа толы болсын! – деді кілттерді тапсыру рәсімінде Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі Анар Сыздықбекованың үш бөлмелі пәтеріндегі алғашқы қонақ болды. Көп балалы ана 2010 жылдан бері кезекте тұрған.

– Мен 13 жыл кезекте тұрдым, төрт баламмен баспана жалдап тұрдық. Мен пәтер іздеу қиындықтары туралы айтпай ақ қояйын, ол туралы бәрі біледі. Бүгін менің арманым орындалды: мен жаңа пәтердің кілтін алдым, – дейді Анар Сыздықбекова. – Бұған әлі сене алар емеспін, қуанышым қойныма сыймай тұр. Қоныстойымызбен құттықтау үшін бүгін бізге ең жақын адамдарымыз келді. Ал алғашқы қонақтардың бірі облыс әкімі болды. Мен мемлекетке бізді осылай қамқорлығына алғаны үшін өте ризамын, бұл баға жетпес көңіл.

Наталья Зимина – балалар үйінің түлегі. Ол өз пәтерін 2007 жылдан бері күткен.
– Балалар үйінен кейін бірден баспана жалдай бастадым. Алғашқы жылдар өте қиын болды: ақша жетпеді, пәтерлерді жиі ауыстыруға тура келді. Маған тұрғын үй бөлінетінін айтқан кезде сене алмадым. Пәтер өте жарқын, жылы, кең, жөндеуі де жақсы, электр плитасы бар, сантехника жаңа. Менің екі қызым бар. Бізге түсқағаз жабыстыру ғана қалды. Жақында көшеміз деп ойлаймын, – дейді Наталья.

Тағы бір қоныстанушы – Ләззат Наурызбаева – "Күміс алқа" иегері. Ол жұбайымен бірге алты бала тәрбиелеп отыр. Отбасы 2013 жылдан бері пәтерге кезекте тұрған.
– Біз де ұзақ жылдар бойы баспана жалдадық. Біраз қиналдық, себебі көп пәтер иелері біздің үлкен отбасымызды қоныстандырғысы келмеді. Заттарымызбен бір жерден екінші жерге көшу оңай емес. Ақыры мұның бәрі артта қалды, біз бақыттымыз, – дейді Ләззат.

Жаңа үйде екі және үш бөлмелі пәтерлер бар – 50-ден 100 шаршы метрге дейін. Үйде лифт бар,

ойын алаңы жабдықталған

және тренажёрлер орнатылған.