
Шахтинск қаласында кезекте тұрғандардың қатарынан 60 отбасы "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған жаңа үйде пәтер кілттерін алды.

Көп қабатты үй қаланың орталық көшелерінің бірінде – Карл Маркс, 54 мекенжайында орналасқан. Бұл үй халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін салынған.

– Жаңа үй – бұл жаңа өмір. Алда сіздерді өте қуанышты және ерекше өзгерістер күтеді: сіздер үшін өмірдің жаңа кезеңі және онымен байланысты қуанышты сәттер басталады, – деді Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков пәтер кілттерін табыстау кезінде. – Мен қоныстанушыларды көптен күткен баспанасына қол жеткізуімен және келе жатқан мереке – Республика күнімен құттықтағым келеді! Үйлеріңізде әрқашан бақыт орнасын деп тілеймін, аман болыңыздар!

Жанета Есімғалиева пәтер алуға үш жылға жуық кезекте тұрды. Көп балалы ана мүгедек бала тәрбиелеп отыр. Жұбайы мен балаларымен ол шамамен 10 жыл бойы баспананы жалға алып тұрған.
– Біз өз пәтерімізге ие болғанымызға өте қуаныштымыз. Жыл сайын тұрғын үйді жалға алу қымбаттап барады, біз көп жылдан бері пәтер жалдаймыз. Енді балалардың өз бөлмесі болады, – дейді Жанета Есімғалиева. – Біз көшуді асыға күтудеміз. Жиһаз сатып алуымыз керек, бірақ бұл қуанышқа толы сәттер ғой.

Юлия Ким баспанасын 11 жыл күткен. Ол "жетім балалар" санатынан. Оны әжесі өсірген.

– Қазір менің балам бар, ол 9 айлық. Бірақ біз әжемізбен бірге тұрамыз. Үш бөлмелі үйде жеті адам тұрамыз. Таршылық етеді, әрине. Сондықтан мемлекет бізге баспана бергеніне қуаныштымын. Бұл біз үшін үлкен көмек, – дейді Юлия.

Шахтинск қаласында тұрғын үй кезегінде барлығы 1470 адам тұр.
