Кәсіби мереке қарсаңында Қарағанды облысының кітапханашылары марапатталды

Кәсіби мереке қарсаңында Қарағанды облысының кітапханашылары марапатталды

Астанада кәсіби мереке қарсаңында еліміздің үздік кітапханашылары аталып өтілді, олардың арасында қарағандылықтар да бар.

«Еңбек Ардагері» медалімен Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық кітапханасының ғылыми хатшысы Валентина Пак пен Шахтинск орталық кітапхана жүйесінің меңгерушісі Ирина Калинина марапатталды.

Валентина Пактың кітапхана саласындағы еңбек тәжірибесі 51 жыл. Оқу бітіргеннен кейін 5 жыл Алтайда жұмыс істеген Валентина Пак 1977 жылы Қарағандыдағы Гоголь атындағы кітапханаға жұмысқа орналасады. Ардагер Қарағанды облысы әкімінің «Мамандыққа адалдығы үшін» сыйлығымен марапатталған, кітапхана саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, көптеген мақтау қағаздары мен алғыс хаттардың иегері.

– Менің басты жетістіктерім – марапаттаулар емес, күнделікті жұмыс істейтін жобаларым. Пандемия кезінде мен көптеген онлайн жобаларды жасадым. Өңіріміздің киелі жерлері туралы «Гоголевкамен» туған өлкемізге саяхат», «Ашық аспан астындағы мұражай», «Өлкетанудан әңгімелер» т. б. Мен «Қарағандының бірінші кітапханасы: тарих беттері» жинағын құрастырушымын. Кітап Гоголь атындағы кітапхананың 75 жылдығына орай шығарылды. Әрине, еңбегім бағаланғаны қуантады. Марапат тоқтамай, әрі қарай жұмыс істеуге мотивация береді, – дейді Валентина Пак.

Қазір ол жұмыстан бос уақытында «Қарағанды бойынша саяхат» интернет жобасында жұмыс істейді. Сайт сізге тау-кен астанасының тұлғалары, ескерткіштері, көшелері мен алаңдары туралы айтып береді. Валентина Пак жобаны келесі жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл Қарағанды қаласының 90 жылдығына және Н. В. Гоголь атындағы кітапханаға тарту болады.

«Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен Қарағанды облыстық Абай атындағы кітапхана директорының орынбасары Қалқатай Қалиева мен Теміртау орталық кітапханасының кітапханашысы Маргарита Мұханова марапатталды.

Қалқатай Мағиқызы 1993 жылы Алматыдағы Қазақ қыздар педагогикалық институтын «кітапханатану және библиография» мамандығы бойынша бітірген. 2000 жылдан бастап Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында қызмет етеді. Қарапайым кітапханашыдан бастап, жылдар бойы бөлім меңгерушісі, 2018 жылы кітапхана директорының орынбасары болды.

– Кітапханада 32 жыл қызмет етіп келемін. Кітапханашылар күніне орай Қазмедиа орталығында Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Руханият шырақшысы» атты мерекелік шара өтті. Ол бойынша «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталдым. Марапат – көп жылғы қажырлы еңбегімнің жемісі, – деп бөлісті Қалқатай Қалиева.

Қарағанды облысының тағы алты кітапханашысы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.

Сонымен қатар, елордада Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен «Жас кітапханашы – 2023: Жаңа мүмкіндіктер уақыты» республикалық жастар зертханасы өтті. 

Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының жас маманы Құлпынай Жарасал арнайы сыйлықпен марапатталды.

– Әлеуметтік желіде ұйымдастырылған «Жылдың жас кітапханашысы» байқауына қатысқан 40 үміткердің арасынан үздік деп танылған он маман өз жобаларын қорғады. Менің жобам «Қарағандының поэзиялық үні» деп аталады. Оның мақсаты – жас ақындардың шығармашылығын кеңінен насихаттау, жастар мен жасөспірімдердің қазіргі қазақ поэзиясына деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ қазіргі әдеби ортадағы қалам иелерін таныстыру. Жобаны жүзеге асыру арқылы біз жас ақындарды ынталандырып, қолдап қана қоймай, жас оқырмандарға жастардың шығармашылығымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береміз, – дейді Құлпынай Жарасал.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда кітапханашылар күні 24 қазанда тойланады.