
Саран қаласынан төрт баласы бар ерлі-зайыптылар облыстық "Үлгілі отбасы" байқауында жеңіске жетті. Жарыс "Тіл-қазына" әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылды.

Байқау Қарағанды облысында екінші рет өткізілуде. Биыл 10 отбасы қатысуға өтінім берді. Іріктеу кезеңінде олар өздері туралы қысқа бейнероликтер ұсынды, ортақ хобби мен отбасылық құндылықтар туралы әңгімеледі.
"Байқау екі кезеңге бөлінген. Іріктеу кезінде бейнероликтермен қатар отбасының әр мүшесінің жетістіктерінің портфолиосын ұсыну қажет болды. Бұл алғыс хаттар, грамоталар, дипломдар. Соңғы кезең өзін-өзі таныстырудан, отбасы мүшелерінің шығармашылық, спорттық, аспаздық және басқа да қабілеттерін көрсетуден тұрды. Қазылар алқасы отбасыларды балдық жүйе бойынша бағалады", – деп атап өтті Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы.

Бірінші орынды Саран қаласында тұратын ерлі-зайыпты Арман Байқадамов пен Фариза Шінкен иеленді. Олар төрт бала тәрбиелеп отыр, үлкені 9 жаста, ал кішісі жақында 3 жасқа толады.

– Мен 2014 жылдан бастап Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде дене шынықтырудан сабақ беремін. Жұбайым - кәсіпкер. Біздің екі қызымыз және екі ұлымыз бар. Ортақ қызығушылығымыз – спорт, біз бірге спортпен айналысқанды жақсы көреміз. Мен түрлі республикалық, облыстық және қалалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегерімін, – дейді отағасы. – Бақытты отбасымыздың құпиясы қарапайым – бұл сыйластық пен шыдамдылық. Біз балаларымызға жақсы үлгі көрсетуге және оларды бақытты етуге тырысамыз.

Екінші орында Қарағандының Мировтар және Шахтинск қаласының Тілеубековтер отбасы иеленді.

Үшінші орынды Қарағандыдан Құлбаевтар, Осакаров ауданынан Иманхан және Шет ауданынан Оразалы отбасы бөлісті. Жүлдегерлер дипломдар мен ақшалай сертификаттарға ие болды. Қалған қатысушыларға көтермелеу сыйлықтары табысталды.
Байқаудың мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттау, ұлттық тәрбиені жаңғырту, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі ата-әжелердің рөлін айқындау.