Қарағанды облысында үздік құтқарушылар марапатталды

Қарағанды облысында үздік құтқарушылар марапатталды

Қарағандыда кәсіби мереке құрметіне облыстың үздік құтқарушылары марапатталды. Оларға медальдар, грамоталар, алғыс хаттар табыс етіліп, кезектен тыс шендері берілді.

Азаматтық қорғау қызметінің майоры, Қарағанды өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы Белан Барханоев "ТЖ алдын алу мен жоюдағы ерекшелігі үшін" медалімен марапатталды. Ол бала кезінен құтқарушы мамандығын таңдаған. Оған зейнеткерлікке шыққанға дейін өрт сөндіру қызметінде қызмет еткен және подполковник шенімен лайықты демалысқа кеткен ағасы үлгі болған.

– Азаматтық қорғау органдарында 2007 жылдан бастап қызмет етемін. Күн сайын біз авариялық-құтқару жұмыстарына, өрттерді сөндіруге қатысамыз, көктемде тасқын сумен күресеміз. Жұмыс оңай емес, бірақ басқа жұмысты қалаған жоқпын, – дейді Белан Барханоев. – Қызмет барысында мен өз жауынгерлерімді дұрыс бағыттау үшін салқынқанды болуға тырысамын. Жас ұрпаққа жүрек қалауымен жұмыс істеуіне тілектеспін, сонда ғана қызмет өрге басады.

№ 10 өрт сөндіру бөлімінің командирі Александр Ковтун азаматтық қорғау органдарында 18 жыл жұмыс істейді. Осы жылдар аралығында ол әріптестерімен бірге бірнеше рет оттың ортасында болды, өз өмірін қатерге тіккен. Азаматтық қорғау старшинасы ТЖ министрінің грамотасымен марапатталған.

– Мен бала кезімнен адамдарға көмектескім келді, мамандығым ұнайды. Бірінші өрт сөндіруге барғанымда таңдау жасауда қателеспегенімді түсіндім. Ол кезде мен итті құтқара алдым. Ол күйіп қалып, әрең тыныс алып жатқан еді. Оны шығарып, қарға көміп тастадым, сонан соң есін жиды, – дейді Александр. – Грамота алғаныма өте ризамын. Біздің қызметте жұмыс істейтіндердің бәрі оған лайық екеніне сенімдімін.

Өрт сөндірушілермен қатар, осы жылдың қыркүйек айында тоғанға батып бара жатқан адамды құтқарған Шет ауданының Батық ауылының тұрғыны Елдос Одесхан да марапатқа ие болды. Оған медаль берілді.

– Мен кәсіби шабандозбын, көкпармен айналысамын. Сол күні жылқы үйретіп жүргенімде батып бара жатқан адамдарды көрдім. Бірден мұздай суға жүгірдім. Өкінішке орай, мен тек бір адамды шығарып алдым. Екіншісі суға батып кетті. Ер адамдар біздің ауылға қонаққа келген екен, балық аулағысы келіпті, бірақ қайықтары аударылып қалған, – дейді Елдос. – Мен керемет ерлік жасадым деп ойламаймын, бұл кез-келген ер адамның қалыпты реакциясы. Мен жақсы жүземін, бірақ менің өзіме адамды судан шығару қиынға соқты: мұздай су қозғалысымды тежеді. Мен құтқарушыларды нағыз батырлар деп санаймын. Олар күн сайын адамдарға көмектеседі және қайғылы жағдайларға тап болады.

Жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Ерлан Ыбыраев ТЖ Министрінің алғыс хатымен марапатталды.

Кезектен тыс майор атақтары № 10 ӨСБ бастығының орынбасары Қанат Ешмағанбетовке және ТЖБ бас маманы Қанат Шәмшиевке берілді.

Тағы алты адам Қарағанды облысы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

– Сіздерді кәсіби мереке – Құтқарушылар күнімен құттықтаймын! Біздің ортақ міндетіміз – қиындыққа тап болған адамдарға уақытында көмекке келу, оларды табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ-дан қорғау. Біз сіздердің жұмыстарыңызды жеңілдетуге тырысамыз. Биыл бес өрт сөндіру станциясы салынып, жаңа техника мен жабдықтар сатып алынды. Сіздердің адалдықтарыңыз үшін және адамдардың өмірі мен табиғатымызды сақтаудағы керемет күш-жігерлеріңіз үшін алғысымды білдіргім келеді, – деп құттықтады Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин.