"Таланттар калейдоскопы" облыстық инклюзивті фестивальге 500-ге жуық қарағандылық қатысты

"Таланттар калейдоскопы" облыстық инклюзивті фестивальге 500-ге жуық қарағандылық қатысты

Қарағандыда "Таланттар калейдоскопы" облыстық инклюзивті спорт және шығармашылық фестивалі жиырмасынша рет өткізілуде. Төрт күн аралығында әр түрлі жастағы қатысушылар қазылар алқасы мен көрермендер назарына өз өнерлерін ұсынады.

Фестивальдің бастамашысы және ұйымдастырушысы – Ішкі саясат басқармасының қолдауымен "Лучик надежды" қоғамдық қайырымдылық қоры.

– Биыл екі мерейтой – фестивальге 20 жыл және "Лучик надежды" мүгедек балаларға көмек қорына 25 жыл. Жыл сайын фестивальге қатысатын адамдар саны артуда. Бұл жолы бүкіл облыстан 800 өтінім келіп түсті. Аймақтың қалалары мен аудандарынан 500-ге жуық қатысушы таңдалды. Биыл тоғыз номинация бар. 5 жастан асқан балалар, сондай-ақ 18 жастан асқан ересектер қатыса алады, – дейді "Лучик надежды" қорының төрағасы Татьяна Кравченко.

Фестиваль қаламыздың үш сахнасында өтеді. С. Сәпиев атындағы бокс орталығында спорттық жарыстар өтеді.

Вокалистер, мәнерлеп оқушылар мен бишілер байқауы үшін Достық үйінің концерт залы таңдалды.

Көркем шығармашылық пен қолданбалы өнер көрмесін Қордың ғимаратында тамашалауға болады.

Қарағанды фестивалінің жеңімпаздары бірнеше рет халықаралық шығармашылық байқауларға қатысып, тамаша нәтижелер көрсетті.

Белгілі қарағандылық парабиші Айгүл Балмағамбетова "Таланттар калейдоскопына" құрылған сәттен бастап қатысады. Биыл ол "Мен бақытты боламын ба" биін дайындады.

– Мен фестивальде 20 жыл бұрын өнер көрсете бастадым. Ол кезде мен 12 жаста едім. Қазір кәсіби бишімін. Халықаралық би турнирлерінде бірнеше рет болдым. Тек Болгарияда төрт рет өнер көрсетіп, үш алтын және бір қола жеңіп алдым. Жыл сайын мен "Лучик надежды" ұйымдастыратын фестивальде өнер көрсетемін. Мұнда атмосфера да, адамдар да ерекше. Мен өз мүмкіндіктерімді басқа қатысушыларға көрсеткім келеді. Олар еңселері түспей, өздеріне сеніп, алға қойған мақсаттарына қол жеткізуі үшін үлгі болғым келеді, – дейді Айгүл Балмағамбетова.

20 қазанда марапаттау рәсімі өтеді.

Фестиваль лауреаттары дипломдар мен сыйлықтар алады, ал әрбір қатысушыға естелік медаль табысталады.