Қарағанды облысында ауылға медицина қызметкерлерін тарту тәжірибесімен бөлісті

Қарағанды облысында ауылға медицина қызметкерлерін тарту тәжірибесімен бөлісті

Қарағанды облысының ауылдық аудандарында бейінді мамандар, сондай-ақ медбикелер, фельдшерлер мен акушерлер жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін жас мамандарға көтерме жәрдемақы және баспана беріледі.

Қарағанды облысы медицина қызметкерлерін тарту тәжірибесімен "Ауылдық денсаулық сақтау саласындағы кадрлар тапшылығы мәселелері" бейнеконференциясында бөлісті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары қатысты.

– Ауылдарды 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігерлермен қамтамасыз ету 15,8% құрайды, орта медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету – 62,5%. Тапшылық бар. Осы мәселені шешу үшін биыл алғаш рет ауылдық елді мекендерге тартылатын барлық медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау тетігі енгізілді, – деп атап өтті Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова. – Оларға 1,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы төленді. Біз градация жасадық. Анағұрлым сұранысқа ие мамандар – жалпы практика дәрігерлері, терапевттер, акушер-гинекологтар, анестезиологтар-реаниматологтар, педиатрлар 5 млн теңгеден алды. Бейінді мамандар – 3 млн теңгеден, акушерлер мен фармацевтер – 1,5 млн теңгеден.

Соның арқасында ауылдық ауруханаларда биыл 47 маман жұмысқа орналастырылды. Дегенмен, орта медициналық қызметкерлердің – медбикелердің, фельдшерлердің және акушерлердің тапшылығы өте өткір мәселе болып қала береді. Тапшылық 56 штаттық бірлікті құрайды, деп толықтырды Қарағанды облысының бас дәрігері. 

Әлеуметтік қолдаудың тағы бір шарасы – медицина қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету. Аудандарда дәрігерлерді баспанамен қамтамасыз ету үшін ғимараттар жөнделуде. Биыл жас мамандар Ақтоғай, Бұқар Жырау және Қарқаралы аудандарында 34 пәтер алды. Дәрігерлердің үйлерін жөндеу Бұқар Жырау Доскөй кентінде, Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылында жалғасуда. Келесі жылы Нұра ауданындағы Дәрігерлер үйін қайта құра отырып, күрделі жөндеу жоспарланған.

Сондай-ақ, конференцияда Денсаулық сақтау министрлігінің ауылдық жерлерге білікті кадрларды тарту жөніндегі жоспарлары айтылды. Алдағы жылдары ведомство заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, бұл болашақ ауыл дәрігерлерін 143 ЕТЖ мөлшерінде біржолғы ақшалай төлеммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл қаражатты алу үшін олар ауылдық ауруханаларда кем дегенде бес жыл жұмыс істеуі керек.

Кездесуге қатысушылар ауылдық ауруханаларды медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі бойынша бірқатар ұсыныстар енгізді. Барлық бастамалар үкімет деңгейінде қаралып, егжей-тегжейлі талқыланатын болады, деп сендірді мәжілісмендер.