Қарағандыда республикалық жас ақындар байқауының жеңімпазы анықталды

Қарағандыда республикалық жас ақындар байқауының жеңімпазы анықталды

Қарағандыда "Дүниеге келер әлі талай Қасым" республикалық жас ақындар байқауының қорытындысы шығарылды. Бас жүлдені Павлодар облысының ақыны Жоламан Айткен жеңіп алды.

Поэтикалық додаға елдің әр түкпірінен 20–35 жас аралығындағы 40-тан астам адам қатысты. Олар қазылар алқасына Қасым Аманжоловқа арнау мен еркін тақырыптағы бірнеше өлеңдер ұсынды.

"Байқауға соңғы төрт жылда осы поэтикалық сайысқа қатысқан ақындар жіберілмеді. Қазылар алқасының мүшелеріне жеңімпаздарды таңдау оңай болған жоқ, өйткені барлық қатысушылар жақсы дайындық көрсетті. Дегенмен, байқаудың аты байқау. Бас жүлдеге Павлодар облысының ақыны Жоламан Айткен ие болды", – деп хабарлады ұйымдастырушылар.

Жоламан Айткен – Баянауылдың тумасы, 27 жаста. Ол Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің түлегі және республикалық әдеби байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы.

– Мен мектеп кезімде өлең жаза бастадым. Қалада оқып жүргенде үйімді сағындым. Алғашқы өлеңдерім осылай дүниеге келді. Менің ақын ретінде қалыптасуым Қарағандыда өтті. 2018 жылы Ж.Тәшенов атындағы "Жылдың үздік ақыны" республикалық байқауында жеңіске жеткеннен кейін шыққан "Ғасырауған" жинағының авторымын. "Дүниеге келер әлі талай Қасым" байқауына алғаш рет қатыстым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе, – дейді Жоламан. – Барлық жастар Қасым Аманжоловтың шығармаларын жатқа білуі керек деп санаймын.

Бірінші орынды Ortalyq Qazaqstan облыстық газетінің журналисі, ақын Ерік Нарын иеленді.

Екінші орынды Балқаштан Айдын Байыс пен Сәтбаевтан Мақпал Сабыр бөлісті.

Үшінші орын Арқалықтан Ернұр Әуезханға, Жетісайдан Балғын Апбасханға, Қостанайдан Бақытжан Әлкебаевке бұйырды.

Барлық жүлдегерлер дипломдар мен ақшалай сертификаттарға ие болды.