
Өткен сенбіде Қарағандыда "Global city" СОО аумағында жұртшылық қалың болды. "Ауыл Береке – 2023" алғашқы күзгі жәрмеңкесіне жеті ауданнан 100-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз өнімдерін әкелді. Сауда-саттыққа өңдеуші кәсіпорындар да қатысты.

Сатып алушылар ағыны таңертеңнен басталды. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін қала билігі төрт бағыт бойынша тегін автобустар ұйымдастырды: Майқұдық, Пришахтинск, Михайловка және Оңтүстік-Шығыс.

Бірден кіре берісте бағалар жазылған тумбалар орнатылды.

Жәрмеңкеде ет көп болды, оны бөлшектеп те, тұтастай да сатып алуға болады.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жәрмеңкеде 630 тонна жергілікті тауар сатылды: ет, сүт өнімдері, картоп және көкөністер. Балық та сатылды.

Тауық жұмыртқасын сатып алушылар кезегі де ұзын сонар болды. 190 мың данаға жуығы сатылды.

Картоп пен көкөністерді ірі шаруа қожалықтары мен фермерлер әкелді.
– Біз қазан айында егін жинауды аяқтадық, өнімдерімізді сата бастадық. Жәрмеңкеге 4300 тонна "гала" тұқымды картоп әкелінді. Келесі жәрмеңкелерге де қатысуды жоспарлап отырмыз, – дейді Нұра ауданы "Шахтерское" ЖШС элиталық-тұқым шаруашылығы агрономы Дидар Ақышев.

Фермер Шәкіржан Әзімов тұтынушыларға Абай ауданының егістіктерінде өсірілген "латона" сұрыпты қырыққабат мен картоп ұсынды.
Тіпті үй бақшаларында өсірілген көкөністер де сатылды.

Жәрмеңкеге Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев келді. Өңір басшысы сауданың қалай ұйымдастырылғанын көріп, сатып алушылармен сөйлесті.
– Облыс орталығының тұрғындары үшін алғашқы жәрмеңке ұйымдастырылды. Біздің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімізге рахмет: келіп, өз өнімдерінің көп бөлігін осында алып келді. Мұндай жәрмеңкелерді тағы бірнеше рет өткіземіз. Бүгін тегін автобустар ұйымдастырылды. Қала әкіміне осы күннің қорытындысы бойынша басқа бағыттарды қосу жеткілікті ме, жоқ па, соны қарауды тапсырдым. Тұрғындардың тілектерін ескеретін боламыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сауда қатарларын аралап, облыс әкімі де өнім сатып алды. Нұра ауданынан келген сүт өнімдерінің дүңгіршегінде ол ірімшік сатып алды.

Жәрмеңкеде сондай-ақ ойын-сауық ұйымдастырылды. Сахнада әртістер өнер көрсетті,

келушілердің көңілін биік қуыршақтар аулады.

Global City аумағында келесі жәрмеңкелер 28 қазан мен 4 қарашада өтеді деп жоспарланған. Сонымен қатар, қараша-желтоқсан айларында Қарағандыда "Global City" СОО, "Умай" СҮ (Майқұдық) және "Молодежный" МҮ (Пришахтинск) алаңдарында жәрмеңкелер өтеді. Ауылшаруашылық жәрмеңкелері серіктес қалалардың тұрғындары үшін де ұйымдастырылады.