Қарағандылық палуандар республикалық турнирде жалпы есепте көш бастады

Қарағандылық палуандар республикалық турнирде жалпы есепте көш бастады

Спорт ардагері Серік Мамашевті еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнирде Қарағанды облысының палуандары 19 медаль жеңіп алды: 5 алтын, 4 күміс және 10 қола.  Нәтижесінде бірінші жалпы командалық орын алды.

2006-2007 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы біріншілік Қарағандыда өтті. Астана, Алматы, Ақмола, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Ұлытау және Қарағанды облыстарынан 200-ге жуық спортшы қатысты. Олар сегіз салмақ дәрежесінде бақ сынасты.

Жарыстың бас төрешісі Абай Үмітбаев барлық спортшылардың жоғары деңгейі мен жақсы дайындығын атап өтті.

- Мен өзім Бұқар Жырау ауданында қазақ күресінен спортшыларды жаттықтырамын. Жастардың бұл спорт түріне деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Қарағанды облысы қазақ күресі бойынша үздік үштікке кіреді, - дейді Абай Үмітбаев. - Біздің ауданнан бұл турнирге 10 палуан қатысып, үшеуі медаль жеңіп алды.

Жалпы командалық есепте екінші орын Астанадан келген спортшыларға бұйырды. Үшінші орында Қызылорда облысының командасы.