
Қарағанды облысының спортшылары XIX Жазғы Азия ойындарында ел құрамасының қоржынына алты марапат: бір күміс және бес қола медаль алып келді. Облыс әкімдігінде жүлдегерлер мен олардың жаттықтырушыларын жетістіктерімен құттықтап, ақшалай сертификаттар табыстады.
- Азиаданы Азия құрлығының олимпиада ойындары деп санауға болады. 1951 жылдан бастап әр төрт жыл сайын өткізіліп келе жатқан бұл жарыстардың маңыздылығы мен рөлі маңызды. Сіздер Қарағанды облысының және бүкіл Қазақстанның мақтанышысыздар! Керемет нәтижемен құттықтаймыз! - деп спортшыларға облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов құттықтау айтты.
Қазақстандық спорт тарихына 25 жастағы қарағандылық Данил Мұсабаев енді. Ол батут гимнастикасында күмісті жеңіп алды. Бұл Азия ойындарында осы түр бойынша қол жеткізген алғашқы күміс медаль.
Данил Мұсабаев батут гимнастикасымен 22 жыл айналысады, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сергей Вертянкиннің басшылығымен жаттығады.
- Бұл менің алғашқы Азия ойындарым, жарақат салдарынан өткен ойындарды жіберіп алдым. Өте қатты толқыдым, бірақ біз жеңдік. Енді әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отырмыз, ол лицензиялы болады. Мен қарқынды дайындаламын, - деді Данил Мұсабаев.
22 жастағы Кирилл Тубаев байдаркада ескек есуден қола медальмен қуантты. Оның жаттықтырушысы Евгений Егоров - 2010 жылғы Азия ойындары медалінің иегері.
Синхронды жүзуде де тамаша нәтижелер бар. Бұл спортта Арина Пушкина мен Ясмин Тұяқова Немич апалы-сіңлілердің ізін басып, даңқты тарихты жалғастырды. Кездесуде синхроншылардың жаттықтырушысы Елена Котованың еңбегі атап өтілді. Ол 32 жыл бойы ұлттық құраманың мүшелерін дайындап келеді.
- Біздің қыздар небәрі 17 жаста, бірақ оларда жеңіске деген ерік пен жігер бар. Олар өте ұйымшыл, командалық рухтары да мықты. Азиада алдында қатаң іріктеу болды және біздің облыстан бірден алты спортшы таңдалғаны кездейсоқ емес. Бұл керемет нәтиже, ал қыздар үмітті ақтады. Бірінші күннен бастап мен олардың жүлделі орынға ие болатынын түсіндім. Бұл ойындар беріктіктің нағыз сынағы болды, енді қайда ұмтылу керек екенін білеміз, - дейді Елена Котова.
Спортшыларға сәттілік пен жаңа жеңістер тіледі.