Қарағандыда бочча паралимпиадалық ойынына арналған алаң ашылды

Қарағандыда бочча паралимпиадалық ойынына арналған алаң ашылды

Қарағандыда үш жылдан бері бочча паралимпиадалық спорт түрі дамуда. Бұл ойын церебральды сал ауруының ең ауыр түрлері және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен ересектерге қол жетімді. Қарағандыда Қ. Нұржанов атындағы жеңіл атлетика манежінің аумағында бочча сабақтары үшін арнайы алаң жабдықталды. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар спортшылар жаттығып, жарысқа дайындала алады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа алаңға барып, параспортшыларға қандай жағдай жасалғанын көрді.

Ойынға арналған жаңа алаңға арнайы жабын төселген. Аумақ бір уақытта екі топта сабақ өткізуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда 30 қарағандылық бочча ойынымен кәсіби түрде айналысады. Олардың арасында жас ойыншылар да бар. Ал ең ересек спортшы 34 жаста.

- Бочча ерекше балалардың дамуына мүмкіндік береді. Үш жыл ішінде біз жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Жақында Павлодар қаласында өткен жарысқа 5 спортшы балаларымызды апардық. Барлығы түрлі медальдар жеңіп алды. Нәтижесінде команда бірінші орынға ие болды. Қазір Қазақстан Кубогына дайындалып жатырмыз. Айтпақшы, облысымыздың тағы бір спортшысы алғаш рет Грециядағы халықаралық жарыстарда республиканың атынан қатысады, - деді Бочча федерациясының басшысы, "Батыл жүрек" ҚҚ негізін қалаушы Гаухар Әкіжанова.

Тоғыз жасар Саша Лях бочча секциясында ашылған күннен бастап айналысады. Соңғы спорттық жетістігі – Павлодардағы жарыстардағы алтын.

- Бочча сабақтарының арқасында ұлымның қолдары жақсы жұмыс істей бастады. Сондай-ақ, бұл ойын ойлау қабілетіне оң әсер етеді. Біз Астанада үш рет жарыста болдық, барлық жерде Саша бірінші болды. Жаңа алаңның құрылғаны өте жақсы. Балалар үшін ашық ауада ойнаған үйдегіден әлдеқайда жақсы, - дейді Сашаның анасы Татьяна Лях.

Ермағанбет Бөлекпаев ерекше спортшыларға жаңа жеңістер тіледі.