
Қарағандыда қазақ күресі бойынша республикалық турнирге еліміздің облыстарынан, Астана мен Алматыдан 200-ге жуық спортшы жиналды.

Жарыс спорт ардагері Серік Мамашевті еске алуға арналды. Екі күн ішінде жарыс сегіз салмақ дәрежесінде өтеді.

Турнир қонағы, "Қазақстан барысы – 2018" жеңімпазы Ержан Шынкеев ұлттық спорт түрінің дамуын атап өтіп, жастар арасында танымал болып келе жатқанына тоқталды.

Оның айтуынша, бүгінде қазақ күресі бойынша үздік үштікке Қарағанды, Жамбыл және Түркістан облыстары кіреді.

16 жастағы Шыңғыс Төлеуов Шет ауданынан келді, қазақ күресімен бес жасынан бастап айналысады, республикалық деңгейде жетістіктері бар.
– Біздің ауданнан бұл турнирге алты палуан келді. Серік Мамашев – біздің жерлесіміз, Жұмыскер кентінде дүниеге келген, біздің өлкеміздегі қазақ күресін дамыту үшін көп жұмыс жасады, – дейді турнирге қатысушы.
