
Қарағанды облысының қазынасынан аграршыларды қолдауға көбірек қаражат бөлінеді. Бюджетті қайта бөлуді облыстық мәслихат депутаттары кезектен тыс, VIII сессияда бекітті.
Қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина баяндағандай, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын субсидиялауға жұмсалатын шығыстар ұлғаятын болады. Атап айтқанда, қаражат фермерлердің минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерге шығындарын өтеуге бөлінбек. Ал мал өсірушілерге асыл тұқымды мал сатып алу шығындарының бір бөлігі өтеледі.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға қолдау қарастырылған. Қайта өңдеу кәсіпорындары да назардан тыс қалған жоқ.
Бұдан басқа, қаржы институттары мен екінші деңгейдегі банктерден кредиттер алған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға қосымша ақшалай қаражат жіберілді.