Қарқаралы ауданының жас театрқұмарлары халықаралық байқауда Гран-при жеңіп алды

Қарқаралы ауданының жас театрқұмарлары халықаралық байқауда Гран-при жеңіп алды

Қарқаралы ауданының Аппаз ауылында бірнеше жылдан бері театр үйірмесі жұмыс істейді. Жас әртістер өз өнерімен жергілікті жұртшылықтың ғана жүрегін жаулап қоймай, талантымен халықаралық деңгейде танылды.

Аппаз театрқұмарлары М. Өтемісов атындағы елордалық Оқушылар сарайында өткен ALASH STAR халықаралық байқауында өнер көрсетті. Қазылар алқасының назарына екі спектакль ұсынылды: Сайын Мұратбековтің "Жусан иісі" драмасы және "Арман әлемі" бауырсақ туралы ертегінің заманауи интерпретациясы. Олар Гран-при мен бірінші орынды жеңіп алды, сонымен қатар Түркияға фестивальге жолдама алды.

"Жусан иісі" спектакліндегі басты рөлдердің бірін 11 жасар Бекарыс Қапыш сомдады. Театр үйірмесінде ол үшінші жыл айналысады. Жас актердің айтуынша, олар зор жұмыс атқарған. Байқауға оқушылар бір жылға жуық тәлімгер Алдиярхан Кәрімнің жетекшілігімен дайындалған.

- Біздің театр үйірмеміз - Қарқаралы балалар өнер мектебінің филиалы. Мен өзім Аппаз ауылының тумасымын, Тәттімбет атындағы өнер колледжін бітіріп, туған өлкеме оралдым. Бірнеше жыл бойы балаларға актерлік шеберлікті үйретіп келемін, - дейді Алдиярхан Кәрім. - "Жусан иісі" республикалық байқаудың Гран-приіне ие болды. Міне, тағы бір жеңіс! Алдымызға қойған жоспарлар көп.

Түркияда 2024 жылдың көктемінде өтетін фестивальге үлкен дайындық қажет.

Туған ауылында жас актерлер өздерінің барлық спектакльдерін көрсете отырып, үлкен қойылым әзірлемек. Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі повесі негізінде "Менің атым Қожа" спектаклін қою жоспарланып отыр.