
С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры жанындағы қуыршақ театры жас көрермендерге қазақ анимациясының негізін қалаушы Әмен Қайдаровтың шығармасы бойынша жаңа ертегі дайындады. “Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" спектаклінің тұсаукесері үш күн өтеді: 10, 11 және 12 қазан.
- Біз ертегіні алғашқы қазақ мультфильмінің негізінде қоюды ұйғардық. Ол балаларға жақсылық пен жамандықты ажырата білуге үйретеді, әділеттілік пен батылдық туралы айтады. Мұның бәрі әркез өзекті болып қала береді. Біздің ертегіміз музыкалық, әуезді домбыра дыбыстары көңіл-күй сыйлайды, - дейді режиссер Айдын Салбанов.

“Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" қазақ ертегісінің кейіпкері - кішкентай батыл құс қараңғы күштерді бейнелейтін айдаһарға қарсы тұрады. Әмен Қайдаров 1966 жылы оның негізінде мультфильм түсірген. Анимация түрлі кинофестивальдердің марапаттарын жеңіп алып, халықаралық деңгейде танылды.
Премьерадан кейін театр бұл ертегіні Алматыда қазан айының соңында өтетін Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде ұсынады. Сондай-ақ, Оман сұлтанатында өтетін фестивальде көрсетіледі деп жоспарлануда.
С. Сейфуллин атындағы Қарағанды қаздрамтеатры бір жыл бұрын театрдың көркемдік жетекшісі Айдын Салбановтың жетекшілігімен кішкентай көрермендерге қуыршақ ертегілері мен спектакльдер қоя бастады.