Балқашта садақ атудан халықаралық турнирдің қорытындысы шығарылды

Балқашта садақ атудан халықаралық турнирдің қорытындысы шығарылды

Балқашта Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған садақ атудан халықаралық турнир өтті. Біріншілікке Түркия, Қырғызстан және Қазақстаннан 120-дан астам спортшы қатысты.

- Бұл жарыстардың ерекшелігі - қатысушылар садақ атудың үш түрінен жарысты: дәстүрлі, классикалық және аралас. Қазақстанда бұл бірінші рет. Біз халықаралық турнирге үш айға жуық дайындалдық, барлығы жақсы деңгейде өтті, - дейді садақ атудан спорт шебері, ҚР дәстүрлі және классикалық садақ атудан аға жаттықтырушысы Жұмағазы Мұхаметжанов.

Турнир қорытындысы бойынша ерлер арасында дәстүрлі атыста бірінші орынды Мурадильуулу Ынтымақ (Қырғызстан) иеленді. Әйелдер арасында қарағандылық Кая Мазнева үздік атанды. Ұлдар мен қыздар арасында Түркістаннан келген спортшылар Алмаз Амантай мен Аяла Тұрарбек жеңіске жетті.

Дәстүрлі атыс қоспасында Түркиядан келген Садақшылар Челек Умутчан мен Гулай Чобаноглу жеңіске жетті. Компаунд-атуда бірінші орынды алматылықтар Арсений Дубровин мен Айлин Чалышкан иеленді. Классикалық атыста Алматыдан келген Елизар Шепотько мен Ғайни Сандықбай алтын медаль жеңіп алды.

Сондай-ақ жамбы атудан жеңімпаздар анықталды: ерлер арасында - Ысқақ Тоханов (Қырғызстан), әйелдер арасында-қарағандылық Кая Мазнева.