
Қарағанды облысының колледждерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 350-ден астам студент оқиды. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңесте оларға ыңғайлы оқу жағдайларын жасауды тапсырды.
- Колледждерде инклюзивті және арнайы топтар құрылды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттермен 43 педагог-психолог және 2 сурдопедагог жұмыс істейді, 350-ден астам педагог біліктілікті арттыру бойынша оқудан өтті. Ерекше балалар 14 мамандық бойынша оқиды. Олар арнайы әдебиеттермен және бейімделген бағдарламалармен қамтамасыз етілген, - деді Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.
Биылғы оқу жылында колледждердегі ерекше балаларға төрт мамандық бойынша 47 грант бөлінді.
Ермағанбет Бөлекпаев инклюзивті білім беру және еңбек нарығында сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандар даярлау үшін кедергісіз орта құру қажеттігін атап өтті.
- Бүгінгі таңда инклюзивті білім беруді дамыту мәселесі өткір тұр. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер санын көбейту керек, бұл үшін колледждерде олардың жайлы оқуы үшін жағдай жасау қажет, - деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. - Сондай-ақ еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау қажет. Мен QazaqGaz ұлттық компаниясының мамандарымен кездестім, олар газдандыру бойынша жұмысшы мамандарды даярлауға мүдделі және дуальды оқыту шеңберінде ынтымақтасуға дайын.
Биыл облыс колледждеріне 8144 студент түсті, бұл ретте мемлекеттік тапсырыстың 60%-ы техникалық мамандықтарға жіберілді. Дуальды оқыту 300-ге жуық кәсіпорынның қатысуымен 42 колледжде енгізілді.
Жалпы, Қарағанды облысында еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар тізбесін кеңейту жалғасуда. Соңғы жылдары 16 жаңа мамандық пен 9 біліктілік ашылды. Мысалы, өңірде полимер бұйымдарын дайындайтын технологтар дайындайтын болады.