Қарағанды облысында "Күміс жас" жобасы бойынша 700-ден астам адам жұмысқа орналастырылды

Қарағанды облысында "Күміс жас" жобасы бойынша 700-ден астам адам жұмысқа орналастырылды

Қарағандылық Нафиса Мұхитова 60 жасында мамандығы бойынша жұмыс тапты. "Күміс жас" жобасы оған өзін сұранысқа ие жұмысшы екенін сезінуге мүмкіндік берді.

– Мен көптен бері мамандығым бойынша жұмыс істеуді ойлап келем, бірақ жасым мүмкіндік бере бермейді, көп жерде қабылдамайды. Мамандығым бойынша мен тігіншімін, жас кезімде Абай тігін фабрикасында еңбек еттім. Содан кейін Қарағандыға көшіп, базарда сатушы болып жұмыс істедім. Екі ай бұрын Жұмыспен қамту орталығына хабарласып, бірден "Дедалға" тігінші болып жұмысқа орналастым. Маған мұнда бәрі ұнайды. Ұжым жақсы, жалақысы көңілімнен шығады, сүйікті ісіммен айналысамын, – дейді Нафиса Мұхитова.

"Дедал" фирмасы" ЖШС қалалық жұмыспен қамту орталығымен бұрыннан ынтымақтасып келеді. Қазір компанияда "Күміс жас" жобасы бойынша жеті адам жұмысқа орналастырылды. Басшы Равиль Шаипкин мұнымен шектелмейміз дейді. Мемлекет субсидиялайтын басқа да жобалар бойынша қызметкерлерді қабылдауға дайын.

– Жеңіл өнеркәсіпте біз 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Соңғы уақытта біз кадрлық тапшылықты сезініп жатырмыз. "Күміс жас" жобасы зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарға жаңа мамандықты игеруге немесе мамандық бойынша жұмыс табуға көмектеседі. Бізде оқу орталығы бар. Теорияға азырақ уақыт жұмсап, тәжірибеге көп көңіл бөлеміз. Қазір бізде 60-қа жуық адам жұмыс істейді, бірақ адамдар әлі де қажет, – деп атап өтті Равиль Шаипкин.

Еңбек ұтқырлығы орталығы басшысының Қарағанды облысы бойынша орынбасары Дәурен Қошқаралиевтің айтуынша, "Күміс жас" жобасының арқасында 730 адам жұмыспен қамтылған.

– Қазір облыс бойынша 3 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. "Күміс жас" жобасы бойынша біз 50 жастан асқан қарағандылықтарды жұмысқа орналастырамыз. Алдымен адам жұмыссыз ретінде тіркеледі, содан кейін біз бос орынды таңдаймыз. Біз тігіншілерге, наубайшыларға, аспаздарға, кондитерлерге, бухгалтерлерге, экономистерге және т. б. жұмыс табамыз.

Жұмыс берушілерге "Күміс жас" жұмыскерлерін жұмысқа орналастырғаны үшін субсидия беріледі. Бағдарлама үш жылға созылады. Төлемдер бірнеше кезеңде жүзеге асырылады және пайыз жалақыға байланысты, бірақ 30 АЕК – тен аспайды: 12 ай – 70%, 13 айдан 24 айға дейін – 65%, 25-тен 36-ға дейін – 60%.

Шеберлерді қолдау орталығының төрағасы Наталья Вшивцеваның көркемсурет шеберханасында да "Күміс жас" жобасы бойынша жұмысшы еңбек етеді. Ирина Киселеваға зейнетке шығуға дейін үш жыл қалды. "Вшивцева" ЖК-ге ол тігінші болып келді.

– Білімім бойынша мен сурет салу және сызу мұғалімімін. Жоба маған ресми жұмысқа орналасуға көмектесті. Мен тігінші болып жұмысқа тұрдым, бірақ мен басқа дағдыларды біртіндеп игеремін. Атап айтқанда, мен өнімдерді бояймын. Жұмыс қызықты. Артықшылығы – бұл менің үйімнен бір қадам қашықтықта, – дейді Ирина Киселева.

Наталья Вшивцева қолөнер орталығын ашып, еңбек биржасында тіркелген тағы 10 адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отыр.