
Қарағанды облысында пилоттық жоба бойынша елді-мекендер маңындағы тозған жайылымдар қалпына келтірілуде. Көпжылдық шөптерді отырғызу мал жаюға арналған жер тапшылығы мәселесін шешуге және шөпті уақытылы жинауға септігін тигізеді.

Қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде алдағы екі жылда оң нәтиже күтіліп отыр. Шөптердің жерсініп, көтерілуі үшін уақыт қажет, содан кейін малды жаңартылған жайылымдарға жіберуге болады.
Жоба облыстық бюджет есебінен қаржыландырылады.

– Бүкіл Қазақстан бойынша мал жаюға арналған жайылымдардың тапшылығы проблемасы бар. Оны шешу үшін тозған жерлерді қалпына келтіру жобасы іске қосылды, – дейді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Бошпан. – Қарағанды облысында алғаш рет бұл жоба Бұқар жырау ауданында 2020 жылы іске асырылып, 800 гектарға жуық жер қалпына келтірілді. Қарқаралы ауданында 1000 гектарға жуық жайылымдық жерлерді қалпына келтіретін жеткізушілер анықталды. Қазіргі уақытта Қарқаралы ауданында Ынталы, Абай және Нұрмақов ауылдарының маңында осы бағыттағы жұмыстар жүргізілуде.

"Медет Агро" өндірістік кооперативінің қызметкерлері Ынталы ауылының маңындағы 500 гектар жерді қалпына келтірумен айналысуда. Мамандар қазірдің өзінде қалпына келтіру шараларына кірісті.

– Бүгінгі таңда жер жырту жұмыстары жүргізілуде. Осыдан кейін агрономдар ылғалдылық пен басқа да параметрлерді анықтау үшін жер сынамаларын алады. Біз бұл алқаптарға еркекшөп себуді жоспарлап отырмыз. Ол біздің климаттық жағдайымызға жақсы бейімделеді және ерекше күтімді қажет етпейді, – дейді "Медет Агро" ӨК өкілі Жарас Ақтаул.
Жергілікті тұрғындар да жайылымдық жерлердің қалпына келтіріліп жатқанына қуанышты. Осы жазда құрғақ ауа-райына байланысты олар шөп дайындауда қиындықтарға тап болған. «Шөпті қалпына келтіру мәселені ішінара шешуге көмектеседі», – дейді ауыл тұрғындары.

– Жайылымдарды қалпына келтіру екі есе тиімді. Бір жағынан жайылымға орын болады, екінші жағынан шөп дайындаумен айналысуға болады, – деп атап өтті Ынталы ауылының тұрғыны Құрманғазы Бейсембек.

Жайылымдық жерлерді жақсарту жұмыстары облыстың басқа аудандарында да жалғасатын болады.
Қарағанды облысы бойынша жайылымдық жер көлемі 18,5 млн гектарды құрайды.