
Қазақстанның халық әртісі, театр және кино актрисасы Бикен Римованың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған І Халықаралық театр фестивалінде Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының режиссері "Үздік режиссура" номинациясы бойынша марапатқа ие болды. Шығармашылық ұжым фестивальде Оралхан Бөкейдің "Атау-кере" драмасын ұсынды. Режиссері – Айдын Салбанов.

– Қазақстаннан төрт театр – Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театры, Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры және біз қатыстық. Біздің "Атау-кере" драмасының қойылымын қазылар алқасы ғана емес, көрермендер де жоғары бағалады, – дейді Қарағанды Қаздрамтеатрының директоры Құрман Қалымов.

Сондай-ақ, Қарағанды қазақ драма театрының жас актрисасы Әнелі Сағындықова "Атау-кереде" Айнаның рөлі үшін аты аңызға айналған актриса Шолпан Жандарбекованың шәкірттері атынан берілетін "Шолпан-жұлдыз" арнайы марапатына ие болды.
Талдықорғанда өткен фестивальге алты елден – Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Түрікменстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан барлығы 13 театр ұжымы қатысты.
Театр шығармашылығы мерекесі облыс әкімдігінің қолдауымен және Turksoy халықаралық мәдени ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылды.