
Жыл басынан бері Нұра ауданының медициналық ұйымына жұмысқа 17 жас маман келді. Оларға баспана беріледі, көтерме жәрдем төленеді.

Жаңадан қабылданғандардың арасында жалпы тәжірибелік дәрігерлер, зертханалық дәрігер, рентгенолог, инфекционист, эпидемиолог және хирург бар. Сондай-ақ, медициналық ұйымдар орта буын мамандары – акушерлермен толықтырылды.

– Жалпы практика дәрігерлері Шахтерский ауылының дәрігерлік амбулаториясына, Баршино ауруханасына жіберілді, төрт дәрігер, оның ішінде рентгенолог және инфекционист біздің ауруханада жұмыс істейді, – дейді орталық аудандық аурухананың директоры Орал Мазитов. – Сондай-ақ, ауданға төрт акушер мен төрт медбике келді. Үш дәрігер облыс әкімінен әрқайсысы 5 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алды, қалғандарына да қажетті құжаттар тапсырылды. Хирургқа 3 миллион теңге төленеді. Сондай-ақ, олардың барлығына "Дипломмен ауылға!" бағдарламасы шеңберінде 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы тиесілі. Барлығына баспана беріледі.

26 жастағы радиолог Әділет Жақсылық биыл Қарағанды медициналық университетін бітірген. Ол Түркістан облысының тумасы. ЖОО-ны бітіргеннен кейін еліміздің түрлі өңірлеріндегі бос жұмыс орындарын зерттеп, Қарағанды облысында қалуға шешім қабылдады.
– Маған өңірдегі жас мамандар үшін жасалған жағдайлар ұнады. Мен көтерме алдым, маған Нұрада жалға берілетін тұрғын үй берілді. Бұл тәжірибе жинағысы келетін түлек үшін жақсы бастама. Нұрадағы адамдар мейірімді, жанашыр. Мен өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін, бұл өте жақсы, – дейді Әділет.

Лайықты көтерме жәрдемақы медициналық ұйымдардағы кадрлар тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі, дейді дәрігерлер. Бүгінгі таңда Нұра ауданында кардиолог, акушер-гинеколог және окулист мамандары қажет.
