
Қарағандыда 13–28 қазан аралығында XXIV Халықаралық "Әуенді Сарыарқа" фестивалі өтеді.

Фестивальді Тәттімбет атындағы Қазақ халық аспаптарының академиялық оркестрі ашады. Концерт 13 қазанда "Шалқыма" концерт залында сағат 18:30-да өтеді.
Бұл күні фестиваль қонақтары: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дүйсен Үкібай (Алматы), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Қарасай Сайжанов (Астана), Өзбекстанның халық әртісі, профессор Форук Садықов (Ташкент), ҚР "Ерен еңбегі үшін" төсбелгісінің иегері Ерлан Жандарбай (Ыстамбұл), сондай-ақ қарағандылықтар - Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғайни Болтаева және ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жақсыкелді Кемалов болады.
Солистер – халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Нұрбол Темірғалиев пен Рысты Рахымжан.
Көркемдік жетекшісі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әбдуғалисын Шоқанбаев.
Бас дирижер – "100 жаңа есімдер" жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгерей.

14 қазан күні сағат 17:00-де қарағандылықтар мен қала қонақтарын Еркеғали Рахмадиев атындағы Академиялық симфониялық оркестрдің концертінде күтеді.
Солист – халықаралық байқаулардың лауреаты Андрей Коробейников (фортепиано, Мәскеу).
Бас дирижер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Петр Грибанов.

15 қазан күні сағат 17:00-де "Аққу" фольклорлық-хореографиялық ансамблі мен "Арқа сазы" фольклорлық ансамблінің концерті өтеді.
Көркемдік жетекшілері – мәдениет қайраткері Байғара Сәдуақсов және мәдениет үздігі Назгүл Авильхан.

21 қазан сағат 17:00-де – джаз оркестрінің концерті.
Онда джаз фестивальдерінің лауреаттары "DV-SHOW" тобы, Анастасия Балакина, Кристина Кинзерская, Ольга Кисленко, Ирина Малявкина (вокал, Челябинск) өнер көрсетеді.
Бас дирижер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Игорь Андрейченко.
22 қазанда ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Жақсыкелді Кемаловтың шығармашылық кеші өтеді. Басталуы 17:00.
Ал 28 қазан күні сағат 17:00-де – "Әуенді Сарыарқа" XXIV Халықаралық фестивалінің жабылуы. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік ұжымдары мен фестиваль қонақтарының қатысуымен гала-концерт дайындалды.
Биыл Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік 85 жылдығын атап өтуде.