
Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғалымдары жел энергиясын бағындырды. ЖОО жанындағы "Баламалы энергетика" ғылыми-зерттеу орталығында қалақтары күрделі геометриялық пішінде жасалған жел қондырғылары құрылады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда мұндай құрылымдар жоқ. Барлық жасалған қондырғылар патенттелген.

– Басында біз математикалық модельдеуді жасаймыз. Егер оң нәтиже болса, біз макетті жинаймыз. Біздің макеттеріміз жаңа деп айта аламын. Қалақтардың белгілі бір түрлері 3D басып шығарылады. Сондай-ақ, біздің жоо-да еліміздегі жалғыз Т-1-М аэродинамикалық түтік бар, егер макет өзін жақсы көрсеткен болса, біз прототип жасаймыз, – дейді "Баламалы энергетика" орталығының басшысы Назгүл Танашева.

Ғылыми орталықтың аумағында арнайы сынақ алаңы және "Энергияны сақтау жүйесі" зертханасы бар. Ғылыми әзірлемелерге студенттер, магистранттар, докторанттар қатысады. Олар өз жобаларын дипломдық және диссертациялық жұмыстарда белсенді қолданады.
– Алынған мәліметтер негізінде инновациялық дизайндағы жел қондырғысын жасауға болады. Болашақта жобаны коммерцияландыруды жоспарлап отырмыз. Мұндай құрылымдар шалғай аудандардағы фермерлік шаруашылықтарға, шағын және орта бизнеске жақсы қызмет етеді, – деп есептейді Назгүл Танашева.