
Қарқаралыда ауқымды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр: жақында заманауи Денешынықтыру-сауықтыру орталығы алғашқы келушілерін, ал студенттік жатақхана тұрғындарын қабылдайды. Сондай-ақ мұнда төрт көпқабатты үй қолданысқа беріледі. Жаңа нысандар қаланы көркейтіп қана қоймай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да әсер етеді.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешені 320 орынға шақталған. Бүгінгі күні нысан толықтай аяқталып, қажетті спорт құралдарымен жабдықталған. Қазіргі заманғы стандарттарға сай салынған спорт кешенінде үлкен әмбебап, күрес және жаттығу залдары, киім шешетін бөлмелер мен душ бар. Сонымен қатар, жаттықтырушылар үшін компьютерлермен жабдықталған жеке кабинеттер қарастырылған. Қазір сыртқы әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Шілде айында ДСО пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ, Қарқаралы қаласында мұқтаждар үшін тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде. Қалада 7 418 шаршы метр болатын 72 пәтерлі төрт үй салынуда. Пәтерлер баспана алуға кезекте тұрған адамдарға жалға беріледі. Үш үйдің іргетастары құйылған, шатыр плиталары орнатылуда. Ал төртінші көпқабатты тұрғын үйде үшінші қабатты салу жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер компания үйді қазан айында тапсыруды жоспарлап отыр.
Әкімшілік ғимараттың құрылысы да аяқталуға жақын. Оның мердігері - "Строй с нами" ЖШС. Нысанда барлық коммуникациялар салынған. Құрылыс маусым айында аяқталады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында М. Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылық техникумының 100 орындық жатақханасы пайдалануға берілуі тиіс.
Осы нысандардың барлығында құрылысшы мамандармен қатар жергілікті тұрғындар да жұмыс істейді.