
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Денсаулық сақтау басқармасы басшылығын ескертпестен емханаларды тексере бастады. Негізгі мақсат – қызмет көрсету сапасын өз көзімен көріп, бағалау.

Бұл туралы өңір басшысы онлайн режимде өткен алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі туралы кеңес барысында хабарлады.
– Мен Балқашқа жұмыс сапарымен бардым. Жаңа емханаға кірдім. Қазірдің өзінде шағымдар бар. Адамдар дәрігерлерге кіру үшін ұзын сонар кезекте тұратынына наразылықтарын білдірді. Бұл халық үшін үлкен қолайсыздық тудыруда. Мен сізге, Бибігүл Райханқызы, алдын ала ескертусіз және сізсіз емханаларға барамын деп уәде берген болатынмын, – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысына Ермағанбет Бөлекпаев. – Мен бұл жұмысты әлбетте бастап кеттім.

Қарағанды облысында медицина қызметкерлерінің тапшылығы барын Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова растады.
– Бүгінгі таңда учаскелік дәрігерлермен жасақталу 89,4% құрайды. Сонымен қатар, 85 учаскелік дәрігердің тапшылығы бар. 29 педиатр, 32 жалпы тәжірибелік дәрігер және 24 терапевт жетіспейді. Тапшылық 42 жалпы тәжірибелік дәрігердің резидентураға түсуімен өрши түсті. Дегенмен дәрігерлердің жетіспеушілігі жыл сайын қалаларда шешілуде, бірақ ауылдық өңірлерде ол сақталуда, – деп хабарлады Бибігүл Төлегенова.
Бұл мәселені шешу үшін облыста бірнеше бағдарламалар жүзеге асырылуда. Қалалар мен моноқалалардағы кадр тапшылығы жергілікті медицина университетінің резиденттері есебінен толтырылады. Резидентурада оқып жатқандар жұмысқа орналаса алады және дәрігерлердің міндеттерін орындай алады. Ауылдық жерлерде және аудандық маңызы бар қалаларда жұмысқа орналасуға шешім қабылдаған медициналық және фармацевтика саласының жас мамандары үшін көтерме ақы ұлғаюда. Қазір көтерме көмек 1,5-нан 5 млн теңгеге дейін өсті. Өткен жылы 16 медициналық кәсіптік бағдар беру сыныбы ашылды. Қазірдің өзінде 126 түлек медицина университетіне түсті.
Емханаларды бөлшектеу және жаңаларын салу жалғасуда. Қарағандыда Оңтүстік-Шығыста "Панель-орталықта" емхана салына бастады.
Облыс әкімі жаңа медициналық мекемелер салынып жатқан қалалар мен аудандардың әкімдеріне коммуникацияларға қосылуды алдын ала жоспарлауды және аумақты абаттандыруды тапсырды.

– Жаңа ғимараттардың инженерлік инфрақұрылымына қосылу жоспары болуы тиіс. Жолдарға, аялдамаларға, автобус маршруттарына, тротуарларға назар аударыңыздар. Мүмкін бір жерде қолжетімділікке қатысты проблемалар бар шығар. Бұл тек Қарағандыға ғана қатысты емес. Дәрігерлерді баспанамен қамтамасыз ету бойынша жұмысты міндетті түрде жалғастырыңыздар. Бұл мәселемен бірге айналысуымыз керек, – деді аймақ басшысы.
Ермағанбет Бөлекпаев денсаулық сақтау басшысына аудандар мен қалаларда азаматтардың жеке қабылдауларын міндетті түрде өткізу керектігін еске салды.