Ермағанбет Бөлекпаев вокзал маңындағы алаңды ретке келтіруді тапсырды

Ермағанбет Бөлекпаев вокзал маңындағы алаңды ретке келтіруді тапсырды

Биыл Қарағандыда 86 шақырымға жуық автожол жөнделді. Жеке секторға көп көңіл бөлінді, онда қара жолдардың орнына асфальт төселген.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жолдарды салу және жөндеу бойынша жылжымалы кеңес өткізді. Өңір басшысы ірі қалалық жобалардың бірі – Космонавттар көшесіне барды.

Мұнда жол төсемін қайта құру және нөсер кәрізін орнату жүріп жатыр.

Мердігер қазан айының соңына дейін Космонавттар көшесінде көлік қозғалысы ашылады деп уәде береді. Жол төрт жолақты болады.

– Біз екі қабат асфальт салдық. Жоғарғы қабатын келесі жылға қалдырамыз. Қазірдің өзінде 1,5 км нөсер кәрізі салынды. Бұған дейін суағар болған жоқ. Жаңбырдың салдарынан бір айға жуық уақыт толық жұмыс істей алмадық. Қазір біз асфальтты тәулік бойы қабылдап жатырмыз. 60-тан астам адам және 28 бірлік техника жұмыс істеуде. Сонымен қатар, біз тротуарлар жасаймыз, жиектастар қоямыз, жарықтандыру тіректерін орнатамыз. Гоголь көшесіне дейін 400 метр қалды. Біз асфальт төсеп, қазан айының соңына дейін трафикті ашуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы толық тапсырамыз, – дейді жоба жетекшісі Геворг Согоян.

Ермағанбет Бөлекпаев Сараарқа көшесіндегі жолдың орташа жөнделуін тексерді. 1,5 км ұзындықта қиыршық тас-мастикалық асфальттың жоғарғы қабатын төсеу жүріп жатыр. Шұңқырлар мен ойдым жерлер жойылады. Егер ауа-райы қолайлы болса, мердігер барлық жұмысты аптаның соңына дейін аяқтайды.

Өңір басшысы Қарағанды әкімі Мейрам Кожуховқа жолдарды жөндеу бойынша барлық жұмыстарды жеке бақылауда ұстауды тапсырды. Сапаға көбірек көңіл бөлу және жұмыс уақытында орындалуы керектігін айтты. Тұрғындар қолайсыздықты сезінбеуі керек, деп атап өтті ол.

– Келесі жылы міндетті түрде вокзал маңындағы алаңда жұмысты бастау керек. Адамдарға ыңғайлы болатындай етіп саябақты абаттандырыңыздар, тротуарлар жасаңыздар. Субұрқақты таза және ұқыпты ұстаңыздар. Бұл алаң – қаланың бет-бейнесі, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыстық жолдарға келетін болсақ. Орташа жөндеу жұмыстары 175 км учаскелерде жүріп жатыр. 11 жобаның 7-сі аяқталды, ал басқаларында жөндеу жұмыстары жалғасуда.

– Үлкен жоба Абай – Қарабас – Жартас – Долинка. Биылғы жылы 21 шақырымның 15-інде жоғарғы қабатын төседік. Коммуникацияларды дайындаймыз да, келесі жылы жөндеуді аяқтаймыз. Новодолинка – Шахан – Молодецкое жолы 98% дайын. Оның жалпы ұзындығы – 17 км. Екі көпірге кірер жолдарды аяқтаймыз, жол таңбаларын салып жатырмыз, белгілер орнатылған. Жолды биыл ашамыз. Нұра және Соқыр өзендері арқылы өтетін көпірлерді қайта жаңарту іс жүзінде аяқталды. Биыл тапсырамыз, – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов.