
Осы жылдың сегіз айында Қарағанды облысының тұрғындары медициналық сақтандыру қорына 41,2 млрд теңге аударды. Алайда өңірде 180 мыңнан астам адам сақтандырылмаған күйінде қалып отыр.
Түскен қаражаттың 23,5 млрд теңгесі – жұмыс берушілердің жұмыскерлер үшін аударымдары. Өткен жылдан бастап олар жалақы қорының 3%-дан аударады. Тағы 15,1 млрд теңге – жалақының 2 % аударатын қызметкерлердің жарналары. Қалғаны – ЖК, жеке құрылымдар мен МЖӘ шарттары бойынша жұмыс істейтін адамдардың, дербес төлеушілер мен БЖТ төлеушілердің жарналары. Республика шеңберінде біздің өңірдің түсімдерінің үлесі 7,8 % құрайды.
1 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста сақтандырылған азаматтардың саны 955 383 адамды, сақтандырылмаған азаматтардың саны 180 652 адамды құрады.
– Сақтандырылмағандардың арасында қандай да бір себептермен медициналық сақтандыру қорына жарна төлей алмай жүрген азаматтар бар, тиісінше олардың медициналық көмекке құқығы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесімен шектеледі, – дейді медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының директоры Фазыл Көпобаев. – МӘМС жүйесіне қатысудың ықтимал тетіктері әртүрлі деңгейлерде талқыланады. Халықтың осы санаты арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.
Медициналық сақтандыру қоры Қарағанды филиалының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша