
Қарағандыда "Сын – шын болсын" екінші республикалық театр фестивалі ашылды. Биылғы жылы өнер мерекесі Қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалибек Қуанышбаевтың туғанына 130 жыл толуына арналған. 40 жылға жуық сахналық өмірінде ол 150-ден астам рөл ойнады.

Еліміздің 30-дан астам театры фестивальге қатысуға өтінім берді. Ұйымдастыру комитеті олардың 9-ын таңдады.

Спектакльдер 19–24 қыркүйек аралығында С. Сейфуллин және Жас көрермендер театрының сахналарында өтеді.
Театр мерекесіне қатысушыларды Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов қарсы алып, оларға кәсіби салада сәттілік пен жеңістер тіледі.

"Сын – шын болсын" фестивалі "Қоянды жәрмеңкесі" театрландырылған қойылымымен ашылды. Осыдан кейін театрлар шеруі өтті.

Бірінші болып Астанадан келген Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры "Абай" драмасымен өнер көрсетті.

Қазылар алқасының төрағасы Еркін Жуасбек фестивальдің басты міндеті жеңімпазды анықтау емес, тәжірибе алмасу екенін атап өтті.
– "Сын – шын болсын" заманауи қазақстандық сахна өнерінің бағыттарын айқындайды, жаңашылдыққа назар аударады. Біз үшін ең бастысы – жеңімпазды анықтау емес, ой толғау және пікір алмасу. Театр үнемі жаңа нәрсе іздеуі керек, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театртанушы, өнертану кандидаты Еркін Жуасбек.

Фестивальде келесі театр ұжымдары өнер көрсетеді:
20 қыркүйек – Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театры "Ұждан" спектаклімен; Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры "Аты жоқ жұлдыз" лирикалық драмасымен.
21 қыркүйек – Ш. Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры "Көк-Түріктер" драмасымен; Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жа сөспірімдер театры "Бернарда Альбаның үйі" драмасымен.
22 қыркүйек – Балалар мен жасөспірімдерге арналған Теміртау театры (Теміртаудағы ТЮЗа сахнасында) "Поминальная молитва" спектаклімен; Түркістан музыкалық-драма театры "Шинель" трагикомедиясымен.
23 қыркүйек – Алматы қаласының "Жаңа ғасыр" жастар театры "Айлакер жесір" спектаклімен; Семей қаласынан келген "Дариға-ай" жастар театры "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу" трагедиясымен.
24 Қыркүйек – С. Қожамқұлов атындағы Жезқаған қазақ музыкалық-драма театры "Шақан-Шері" спектаклімен.

Фестивальдің жабылуы, концерттік бағдарлама және театрларды марапаттау 24 қыркүйекте сағат 17.00-де өтеді. Бас жүлденің иегері анықталып, үздік актерлер мен режиссерлер марапатталады.

Фестиваль күндері Қаздрамтеатрда Қалибек Қуанышбаев туған Қарқаралы ауданы Ақжол ауылының тарихи-өлкетану мұражайының көрмесі жұмыс істейді.
