
Қарағандылық үш студент еліміздің ұлттық құрамасына кіріп, Польшада өткен EuroSkills Gdańsk 2023 халықаралық чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Қазақстан құрамасының есебінде екі медаль және төрт үздік медальон бар.

Биылғы жылы Гданьск қаласында EuroSkills сегізінші Еуропа чемпионаты өтті. Ұлттық құраманың құрамына 28 қатысушы кірді. Сондай-ақ, қазақстандықтар 25 құзырет бойынша өнер көрсетті. Жарысқа әлемнің 32 елінен 25 жасқа дейінгі 600 мықты жас мамандар қатысты.
– Үш конкурстық күннің қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері "Веб-технологиялар" және "Желілік және жүйелік әкімшілендіру" құзыреттерінде бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ олар төрт үздік медальон алды, – дейді Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің директоры Әсел Сапарова. – Биыл Қарағанды облысынан құрамаға үш студент кірді. Олардың екеуі – біздің колледжден. Ол Руслан Нұрғалиев пен Анастасия Смирнова. Студенттеріміз "Сантехника және жылыту" және "Флористика" құзыреттерінде өнер көрсетті.

Руслан Нұрғалиев болашақ сәулетші, үшінші курста оқиды. Ұлттық құрамаға іріктеу алдында Worldskills Karaganda 2022 өңірлік чемпионатын жеңіп алып, WorldSkills Kazakhstan 2022 республикалық чемпионатында екінші орын алды.
– EuroSkills Gdańsk 2023 үшін мен екі ай бойы қатты дайындалдым. Астана политехникалық колледжінің базасында жаттықтық. Чемпионатта біздің алдымызға коммуникацияларды қосу міндеті қойылды. Ол бес модульден тұрды: сумен жабдықтау, газбен жабдықтау, жылумен жабдықтау, қондырғыларды орнату, смарт-қорап және оларға қосылу, – дейді Руслан. – Қиындықтар болды. Біріншіден, кейбір фитингтер мен қондырғылар бейтаныс болды, мен қате жіберіп, ұпайлар жоғалтып алдым. Сондай-ақ жылдамдық жеткіліксіз болды. Бірақ мен үлкен тәжірибе мен көптеген машықтарға ие болдым. Енді әлем чемпионатына қатысқым келеді.

Анастасия Смирнова техник-дизайнер мамандығында оқиды. Флористика – бұл мамандыққа қосымша оқытылатын құзыреттілік. Бойжеткенді бұл өнер қызықтырғаны соншалық, Настяның қоржынында кәсіби шеберлік чемпионаттарында бірнеше жеңісі бар.

– Еуропа чемпионатына қатысу мен үшін үлкен тәжірибе, – дейді Анастасия. – Мен көптеген жаңа әдістерді көрдім, тапсырмаларды өте жақсы орындай алдым. Қатысушылар өте мықты болды. Олар мектеп жасынан флористикамен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, менің талпынатын белестерім әлі алда. Енді мен Францияда өтетін әлем чемпионатына қатысқым келеді. Мен оған дайындаламын. Оқуды бітіргеннен кейін өмірімді флористикамен байланыстырғым келеді.

Ұлттық құраманың құрамына кірген үшінші қарағандылық Шахтинск технологиялық колледжінің түлегі, ал қазір Қарағанды политехникалық университетінің студенті Александр Рудыкин болды. Ол ұлттық құраманы "Электроника" құзыреті бойынша таныстырды.
– EuroSkills-ке мен Шахтинск колледжінің арқасында келдім. Онда оқи отырып, WorldSkills Kazakhstan өңірлік және республикалық кезеңдерінде табысты өнер көрсеттім. Содан кейін ұлттық құрамаға іріктеу туры өтті. Еуропалық чемпионатқа Алматыдағы DOSTI инновациялық орталығының оқу-жаттығу лагері базасында екі ай бойы дайындалдым, – деп атап өтті Александр. – Чемпионатта мен бірнеше модульден тұратын тапсырманы орындадым. Сәл дайындық жетпей қалды. Бірақ мен оның орнын толтырамын.
Ел құрамасы EuroSkills Gdańsk 2023 чемпионатында үздік ондыққа кірді. Кәсіби шеберлік бойынша ірі халықаралық жарыстар екі жылда бір рет WorldSkills Europe қатысушы елдерінің бірінде өткізіледі.