Қарағанды тұрғыны қазақ тілінде оқытатын ерекше балаларға арналған терапия кабинетін ашты

Қарағанды тұрғыны қазақ тілінде оқытатын ерекше балаларға арналған терапия кабинетін ашты

Қарағанды облысында мемлекеттік гранттар бизнестің шекарасын кеңейтуде. Қолдаудың арқасында әлеуметтік кәсіпкерлік дамуда. Мысалы, Қарағандыда қазақ тілінде оқытатын ерекше балаларға арналған түзету кабинеті ашылды.

Кристина Вороновская ерекше баланың анасы. Қазір ол аутизм мен психикалық ауытқулары бар балалар өсетін отбасыларға көмектесуде.

– Мен әртүрлі топтарға тіркелгенмін, онда ерекше балалардың аналары өзара байланысып отырады. Мен өзім түзету қызметтерін ұсынатын көптеген жерлерді аралап шықтым. Бірақ еш жерде қазақ тілінде оқыту болған жоқ, сондықтан мұндай кабинет ашу идеясы келді, – деді бизнесін жаңа бастаған кәсіпкер. – Биыл "Бастау бизнес" жобасы бойынша оқыдым, сертификат алдым, өз бизнес-жобамды қорғадым және 1 миллион 380 мың теңге грант алдым.

Кристина қазақ тілін жетік меңгерген. Гранттық қаражат кабинетті жабдықтауға жұмсалды. Үшінші ай түзету мұғалімі болып жұмыс істейді. Сонымен қатар Мәскеу қосымша білім беру университетінде қашықтықтан оқиды.

Сабақтар АВА-терапия қағидаты бойынша жүргізіледі. Қазір кабинетке он бала келеді. Сабақтар дербес өтеді – әр баламен күніне екі-үш сағат.

Әзірге кабинет бизнес-орталықтардың біріндегі шағын жалға алынған бөлмеде орналасқан. Кристина Вороновская болашақта кабинетін кеңейтуді жоспарлап отыр. Арнайы балалардың тағы екі анасы АВА-терапевтке дайындықтан өтеді, олар болашақта командаға қосыла алады.

Жас қарағандылық Ақерке Зулхарнай "Бастау бизнес" курстарында кәсіпкерлік негіздерін оқып, әлеуметтік-мәдени жобаға грант ұтып алды. Бала кезінен ол бимен айналысады және сүйікті хоббиін бизнеске айналдырды.

– Бірнеше жыл бұрын мен "Асылым" би ансамблін құрдым. Қазір он қыз бар, негізінен студенттер. Грант жаңа костюмдер тігу үшін пайдаланылды. Отбасылық мерекелерде біз тек билеп қана қоймай, дәстүрлі рәсімдерді де өткіземіз. Осылайша, жас ұрпақты тәрбиелеуге және халық мәдениетін сақтауға өз үлесімізді қосқымыз келеді, – дейді Ақерке Зулхарнай.

Қарағанды облысында биыл кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша 148 өтеусіз грант берілді. Әр түрлі сипаттағы бизнес-идеялар жүзеге асырылады: құрылыс материалдарын, жиһаздарды өндіруден бастап әлеуметтік қызметтерге дейін.

Жобаны іске асыру жалғасуда. Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығының жұмыс берушілермен жұмыс бөлімінің басшысы Фараби Мұхтаров үшінші лек аясында тағы 55 грант беру жоспарланғанын хабарлады. Әрқайсысының мөлшері – 400 АЕК-ке дейін (1 380 000 теңге). Өтінімдерді қабылдау 11 қыркүйекте басталып, 22 қыркүйекте аяқталады. Құжаттар электрондық түрде, порталда қабылданады business.enbek.kz.