
Қарағандыда "Алаш" қайраткері, белгілі қазақ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдығына орай "Күн сөнгенше сөнбейміз" атты поэтикалық сайыс өтті.

Оған Жоғары гуманитарлық колледждің, Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ, А. Сағынов атындағы ҚарТУ және Қарағанды медицина университетінің 16 студенті қатысты. Жеңімпаз Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ магистранты Қырмызы Алламберген болды.

Поэтикалық сайыс биыл үшінші рет өткізілді. Жастардың шығармашылығын ақындар мен жазушылар бағалады.
– Биылғы жылы қазақтың екі ұлы ақыны — Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Мағжан Жұмабаев 130 жылдығы атап өтілуде. Осының құрметіне поэтикалық сайыс ұйымдастырылып, қыркүйек айының соңында мүшайра өтеді. Қазір ақындардың жас буыны өсіп келеді және оларды қолдау керек. Өздерін көрсетулеріне мүмкіндік беруіміз қажет, – дейді облыстық Жазушылар одағының өкілі және бірлесіп ұйымдастырушы Асхат Қажытай.
Мықтылар үш турдан өтіп, финалға шықты.

Сайыстың қорытындысы бойынша Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ магистранты Қырмызы Алламберген жеңіске жетті.
– Мен мектеп кезінен бастап өлең жазамын. Поэтикалық батлда әртүрлі тақырыптағы 10 өлеңімді оқыдым. Және бірінші орын алдым. Сөз қадірін білетін, өлеңге ден қоятын жастардың қатары көбейіп келе жатқандықтан мұндай байқаулар қажет. Осындай шаралардың көп болғанын қалаймын, – дейді Қырмызы Алламберген.

Екінші және үшінші орындарды да осы ЖОО студенттері Тілеужан Қамыспай мен Ералы Ғани иеленді.

Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Барлық қатысушылар алғыс хаттар алды.
Ұйымдастырушы — Қарағанды облысының Жастар ресурстық орталығы.