Teach for Qazaqstan жобасы Қарағанды облысының мектептерінде кадр тапшылығы мәселесін шешеді

Teach for Qazaqstan жобасы Қарағанды облысының мектептерінде кадр тапшылығы мәселесін шешеді

Teach for Qazaqstan әлеуметтік жобасының алғашқы 30 түлегі Қарағанды облысының мектептерінде жұмыс істеуде. Сабақ беру үшін олар төрт сатылы іріктеу мен Сүлеймен Демирель университетінде қарқынды қайта даярлау курсынан өтті.

21 жастағы Назира Кеңесова Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің машина жасау факультетін бітірген. Іс жүзінде бойжеткен бұл мамандық бойынша жұмыс істегісі келмейтінін түсінді. Ол педагогикалық қызметке көбірек тартылды. Оқуды бітіргеннен кейін екінші жоғары білім алуды жоспарлады. Бірақ Teach for Qazaqstan жобасы туралы біліп, өз күшін сынап көруді шешті.

 – Мен әлеуметтік желілерде жобаның жарнамасын көрдім, онда: "Арманыңды жүзеге асыр – мұғалім бол! " деп жазылған. Бұл мен үшін белгі болды. Іріктеуден өттім, содан кейін Сүлейман Демирель университетінде оқыдым. Енді екі аптаға жуық Токарев тірек мектебінде математика және физика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеудемін, – деді Назира. – Менің ойымша, мамандықты сүю керек, әйтпесе қиын болады. Маған балалармен жұмыс істеу өте ұнайды. Олар сабаққа риза болған кезде, кері байланыс берген кезде екі есе жағымды. Мектепте инклюзияға байланысты жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмын. Біздің мектеп ресурстық орталық болғандықтан, түзету сабақтарын қажет ететін балалар бар.

Арқалық (Қостанай облысы) тумасы Жандос Айдарханов та өз таңдауына өкінбейді. Жас жігіт Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар факультетін бітіріп, бұрын ірі елордалық компанияда әзірлеуші болып жұмыс істеген.

– Менің болашақ мансабым, жақсы ұжымым болғанына қарамастан, маған бір нәрсе жетіспеді. Бүкіл отбасым білім беру жүйесінде жұмыс істейді. Бірде ағам маған Teach for Qazaqstan жобасы туралы ақпарат жіберді, мен оған қатысқым келетінін түсіндім. Балаларға білім бергім келеді, – дейді Жандос. – Сүлейман Демирель университетінде оқығаннан кейін Габиден Мұстафин ауылына көштім. Бұл жерде жобаның менімен қосқанда бес түлегі бар.

Қатысушылар Teach for Qazaqstan әлеуметтік жобасын мамандыққа бүйірінен кіру деп те атайды. Ол бейінді емес білім берудің үздік мамандары қатарынан педагог кадрларды кәсіби даярлауға бағытталған.

– Жоба биыл іске қосылды. Әзірге біздің түлектер Қарағанды облысының мектептерінде ғана жұмысқа орналастырылды. Олардың сегізі Бұқар Жырау ауданында, қалғандары Абай, Шахтинск, Балқаш, Новодолинка және Новоузенкада жұмыс істейді. Біздің түлектер еліміздің жоғары оқу орындарын бітіріп, төрт кезеңдік іріктеуден өтті. Іріктеуге барлығы үш мыңға жуық үміткер қатысты. Олардың ішінен біз 49 адамды таңдадық. Бірақ Сүлейман Демирель университетінде қарқынды оқу бағдарламасын тек 30 маман аяқтай алды, – деді Teach for Qazaqstan қоғамдық қорының директоры Гүлнара Салменова.

Екі жылдық әдістемелік көмектен басқа, жоба түлектері ай сайын 300 мың теңге көлемінде стипендия алады. Сонымен қатар, мектептерде оларға тәлімгерлер тағайындалады. 

– Teach for Qazaqstan – бұл әлемнің 60-қа жуық елінде табысты іске асырылып жатқан Тeach Ғor All жаһандық жобасының бөлігі. Келесі жылы біз 100 қатысушыны таңдап, екі облыстың серіктесі болуды жоспарлап отырмыз, – деді Гүлнара Салменова. – Сүлейман Демирел атындағы Университет – біздің әлеуметтік серіктесіміз. Біз білім беру жүйесінде жетіспейтін мамандарды дайындаймыз.