
Теле-және АRT-студия, тігін шеберханасы, STEM-зертхана, заманауи оқу кабинеттері – Осакаров кентінде "Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту" жобасы бойынша Әлихан Бөкейхан атындағы тірек мектебі жаңғыртылды.

Оқу орнында робототехника, психолог, дефектолог, мектепалды даярлық кабинеттері, шахмат кабинеті, FabLab зертханасы пайда болды.

Спорттық мүкәммал толығымен ауыстырылды, кітапхана қоры және 36 сынып жаңартылды.

Жобаны "Қазақстан халқына" Қоғамдық Қоры және Білім беруді тұрақты дамыту қоры жүзеге асыруда. Оқу бағдарламаларын Назарбаев Зияткерлік мектептері өтеусіз негізде жүргізеді. Ал барлық операциялық, әкімшілік шығыстарды жоба операторы – білім беруді тұрақты дамыту қоры AITAS холдингінің демеушілік қаражатына өтейді.

Оқу орындарын жаңғырту жобасының мақсаты – ауылдық және қалалық мектептердегі білім сапасы арасындағы алшақтықты азайту.

Жаңартылған мектептің тұсаукесеріне "Қазақстан халқына" қорының төрағасы Болат Жәмішев пен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты.
– Ауылдық білім беруді қолдау қажеттілігі туралы сөз болғанда, ең алдымен тірек мектептерді көтеру керек. Өткен жылы білім беруді тұрақты дамыту қорымен бірлесіп, 17 өңірде біз 17 ауылдық тірек мектептерін құрдық. НЗМ стандарты бойынша материалдық-техникалық базаны толығымен жаңарттық, мектепті талдаудан өткіздік, педагогтар мен оқу орнының әкімшілігін оқытуды жүргіздік. Үш жыл ішінде біздің серіктестеріміз әдістемелік сүйемелдеу жүргізетін болады. Қазір 17 облыста тағы 63 ауылдық тірек мектептерін құру бойынша жұмысты жалғастырып жатырмыз, – деді Болат Жәмішев.

– Бүгінгі күн – осы мектеп пен бүкіл аудан үшін жаңа тараудың басталуы. Біз білім табысты болашақтың кілті деп санаймыз. Ал тірек мектеп бүкіл облыс үшін сапалы білім берудің үлгісі болады. Бұл өңірдегі білім беруді тұрақты дамыту қорлары, "Қазақстан халқына" және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірлескен жобасы аясында жаңғыртылған екінші мектеп. Жоба бойынша биыл тағы алты мектеп жаңартылады, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Әлихан Бөкейхан атындағы Тірек мектебі 1932 жылы құрылған. 2015 жылы оқу орны жаңа үш қабатты ғимаратқа көшті. Бүгінгі таңда онда 769 оқушы оқиды және 86 педагог жұмыс істейді. Оқытушылар Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мамандарынан оқытылып, әдістемелік көмек алды.

Айта кетейік, Қарағанды облысында "Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту" жобасы аясында өткен жылы Ақтоғай ауданында Күләш Байсейітова атындағы мектеп жаңғыртылды. Биыл Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылындағы Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназия, Абай ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-лицей, Шахтинск қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп-гимназия, Теміртаудағы Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-гимназия, Балқаштағы Әлихан Бөкейхан атындағы № 15 мектеп-лицей және Саран қаласында Абай атындағы ОМ жаңартылады.