
Қарағанды облысының кәсіпкерлерінде жарнаманы мемлекеттік тілге аудару кезінде тегін көмек алу мүмкіндігі бар. Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен брифингте тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Әбеуова айтып берді.
– Тіл саясаты саласындағы өзекті мәселелердің бірі қызмет көрсету және кәсіпкерлік салаларында мемлекеттік тілді ілгерілету болып табылады. Заңнама талаптарын түсіндіру және бизнеске тегін аударма және әдістемелік көмек көрсету үшін биыл 2000-нан астам нысан қамтылып, тіл заңнамасы мен байланыс ақпараты бар 2300-ден астам ақпараттық буклеттер таратылды. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге тегін аударма және әдістемелік көмек көрсету үшін жедел желі жұмысы ұйымдастырылды, жыл басынан бері 2000-нан астам тегін аударма қызметі көрсетілді, – дейді Салтанат Әбеуова.

Көрнекі ақпарат пен жарнаманы жүйелеу мақсатында биыл тоқсан сайынғы тексерулер ұйымдастырылды. Облыс бойынша 2200-ден астам бизнес-объектілер қамтылды, оларда 1249 бұзушылық анықталды, оның 67%-ы түзетілді.
Сондай-ақ, жыл басынан бері өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп тілге байланысты заңнаманың талаптарын түсіндіру және әдістемелік көмек көрсету үшін 1300-ден астам кәсіпкердің қатысуымен 120 іс-шара, семинарлар, кездесулер, жиындар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
Жедел желі телефондары: (8-7212) 51-01-88 және 8-775-163-00-00. Бұл нөмірлер бойынша кәсіпкерлер, сондай-ақ тұрғындар қатесі бар аудармаларға шағымдана алады.