
Қарағандыда мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің "Тіл жанашыры" сыйлығы табысталды. Бұл сыйлық 11 жылдан бері беріліп келеді. Биылғы жылы байқауға қатысу үшін 35 тіл білгірі өтініш берді.

Байқау сегіз номинация бойынша зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, бизнес және БАҚ өкілдері, мемлекеттік және азаматтық қызметшілер; мемлекеттік тілді еркін меңгерген әртүрлі ұлт өкілдері; үш тілді білетін жастар арасында өткізілді.

Қарағанды облысы әкімінің "Тіл жанашыры" сыйлығының лауреаттары атанғандар:
- "Тіл майталманы" бас номинациясы – Алмагүл Игенова, «Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығы» ЖК директоры, қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігінің мүшесі;
– "Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызмет" – Гүлзада Махмұтова, Шет ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің бас маманы;
– "Тіл жаршысы" – Айсұлтан Жақыпов, Life09 ақпараттық агенттігі бас редакторының орынбасары;
- "Үздік телехабар" – Гүлбақша Ақажанова, Saryarqa телеарнасының бас редакторы;
- "Тіл білгірі" – Ольга Тим, қазақ тілі оқытушысы, Қ. Сәтбаев атындағы гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары;
– "Жас полиглот" – Данияр Жаңабаев, Теміртау қаласының № 9 лицейінің шет тілі мұғалімі;
- "Мемлекеттік тіл бизнесте" – Арайлым Серікбай, ВioНumuskz ғылыми-білім беру орталығының жетекшісі;
- "Үздік оқушы" – Динара Жүпенова, Саран қаласының Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы.

"Тіл білгірі" номинациясының жеңімпазы Ольга Тим мектепте сабақ беріп қана қоймай, Қарағанды Достық үйінің жанындағы "Мәміле" клубын басқарады.
– Мұндай байқаулар одан әрі дамуға түрткі болады. Тілге деген қызығушылық туралы айтатын болсақ, мен оның өсіп келе жатқанын көріп отырмын. Біздің "Мәміле" клубында қазір 37 адам – түрлі этностар мен кәсіптердің өкілдері айналысады, – деді Ольга Тим.
Қазақстан халқы тілдері күні сыйлық лауреаттарын облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов құттықтады:
– Ұлт ұстазы, қазақ тілінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде ұйымдастырылған мереке еліміз үшін маңызды оқиға болып табылады. Бізде барлық этнос өкілдерінің ана тілін дамыту үшін барынша жағдай жасалуда. Қазақ тілінде оқытуды жүзеге асыратын балабақшалар мен мектептердің саны жыл сайын артып келеді. Мен облысымызда тіл саясатын жүзеге асыру, соның ішінде мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту бойынша көп жұмыс істейтін адамдарға алғысымды білдіргім келеді.

Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімінің "Тіл жанашыры" сыйлығы 2012 жылдан бастап жыл сайын Қазақстан халқы тілдері күніне арналған салтанатты шарада табысталады. Осы жылдар ішінде 400-ден астам адам марапатталды.