
Медициналық сақтандыру қоры ауылдық денсаулық сақтауды қаржыландыруға жеті миллиард теңге бөлді. Қаражаттың көп бөлігі тәулік бойы және күндізгі стационарлар жағдайында ауылдық ауруханалардағы пациенттерді емдеуге, сондай-ақ амбулаториялық деңгейде көмек көрсетуге бөлінген.
Сондай-ақ қаражаттың бір бөлігі ТМККК пакетіне кірмейтін мамандандырылған, оның ішінде хирургиялық емдеу мен консультациялық-диагностикалық қызметтерді төлеуге бағытталған. Шығындар тізбесінде жылжымалы медициналық кешендердің шығындары мен жұмысына ақы төлеу қарастырылған. Олардың көмегімен шалғайдағы елді мекендерде осы жылдың жеті айында 20 мыңнан астам пациент тексеріліп, емделді.
– МӘМС жүйесін енгізумен облыстың бірқатар медициналық ұйымдары жылжымалы медициналық пункттерге ие болды. Бұл ауыл тұрғындарына, әсіресе шалғайдағы елді мекендерге медициналық көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік берді. Ауыл тұрғындарына тексеруден, кәсіби тексеруден өту үшін қалаларға немесе аудан орталықтарына барудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, бұл ауруларды ерте анықтауға оң әсер етеді, – дейді медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының директоры Фазыл Көпобаев.
Осы жылдың жеті айында медициналық сақтандыру қоры облыстың медициналық ұйымдарына емдеу-диагностикалық іс-шараларды қаржыландыруға 84,4 млрд теңге бөлді. Шілде айында МӘМС пакеті бойынша облыс халқына медициналық көмек көрсетуге қосымша 3,7 млрд теңге бөлінді.
Медициналық сақтандыру қоры Қарағанды филиалының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша