Биылғы жылы Балқаштағы құрылыс жұмыстарының көлемі екі есеге артады

Биылғы жылы Балқаштағы құрылыс жұмыстарының көлемі екі есеге артады

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру барысын тексерді. Үкімет басшысы Қарағанды-Балқаш автожолын қайта жаңартудың үш ірі учаскесінде болып, Балқаштағы жаңа тұрғын үй құрылысының барысын көрді.

Биылғы жылы қалада халықтың әлеуметтік осал топтары санаты бойынша кезекте тұрғандар үшін екі тұрғын үй құрылысы басталды. Қалада тағы 6 тұрғын үй салу жоспарланған.

Өткен жылы 5 497 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Соңғы жылдары тұрғын үй негізінен «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде бюджет қаражаты есебінен салынды. Қарқын жоғары болуы мүмкін, бірақ коммерциялық және жеке тұрғын үй құрылысын тежеуші фактор жылумен жабдықтау қуатының жетіспеуімен байланысты болып отыр.

Осы мақсатта «Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы» жобасы әзірленіп, іске асырылуда, ол энергия, жылу және сумен жабдықтау, атап айтқанда, «Самал» ықшам ауданындағы проблемаларды шеше отырып, тұрғын үй құрылысын «жандандыруға» мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Балқаш ЖЭО-дан «Қоңырат» ықшам ауданына дейін жылу беру құбырының құрылысы да ерекше назар аударуды талап етеді. Жергілікті билік 2022 жылға қарай жылу проблемасын толық шешуге уәде береді.

Үкімет басшысы сондай-ақ Kazakhmys Smelting ЖШС Балқаш мыс балқыту зауытында болды. Онда Премьер-министрге өндірістік үдеріс және кәсіпорынды одан әрі дамыту жөніндегі жоспарлар таныстырылды.